Барселонада тұрғын үй бағасына қарсы шеру полициямен қақтығысқа ұласты
Барселонада тұрғын үйді жалға алудың қымбаттығына қарсы жаппай акция полициямен қақтығысқа ұласты. 13 адам ұсталып, 30 полицей жеңіл жарақат алды.
Маршты Жалға алушылар одағы қолжетімді тұрғын үй үшін күресетін ұйымдармен бірлесіп ұйымдастырды. Қатысушылар жалға алу ақысының өсуін шектеуді және жылжымайтын мүлік нарығындағы алыпсатарлықпен күресуді талап етті.
Қатысушылардың саны әртүрлі бағалануда. Барселона полициясы шамамен 20 мың адамды есептесе, ұйымдастырушылар 120 мың адам болғанын мәлімдеді.
Шеру сағат 19:30 шамасында Уркинаона алаңынан басталып, қала орталығы арқылы өтті. Ресми бөлім аяқталғанға дейін күрделі инциденттер тіркелген жоқ.
Сағат 21:30-дан кейін полиция аумақты босатуды талап етті. Қатысушылардың бір бөлігі көшелерде қалды. Полицейлерге қарай тастар, бөтелкелер және басқа да заттар лақтырыла бастады.
Бүркеншек киген адамдар топтары қоқыс контейнерлерінен, велосипедтерден, қоршаулардан және құрылыс материалдарынан баррикадалар тұрғызды.
Сағат 22:15 шамасында полиция қақтығысқа қатысушыларды таратуға кірісті. Тәртіпсіздіктер Каталония алаңына және Ла-Рамбла көшесіне дейін жетті. Полицейлер көбікті снарядтары бар гранатометтерді қолданды.
Каталония полициясының мәліметінше, кеш бойы 28 баррикада пайда болып, 22 өрт оқиғасы орын алды. Касп көшесінде өртеніп жатқан контейнердің оты тұраққа қойылған көлікке ауысқан. Өрт сөндірушілер полицияның күзетімен жұмыс істеді.
Қақтығыстар түн ортасына дейін жалғасты. Ұсталғандардың арасында 12 ересек ер адам және кәмелетке толмаған қыз бар. Наразылық білдірушілер арасында зардап шеккендердің саны туралы әзірше деректер жоқ.
Бұл акция Испания Конгресі тұрғын үй мәселелері бойынша үкіметтің декреттерін қабылдамағаннан кейін бірнеше күн өткен соң өтті. Дауыс беруден кейін премьер-министр Педро Санчес 29 қарашаға мерзімінен бұрын жалпы сайлау жариялады.
Еске салсақ, бұған дейін Испания премьер-министрі Педро Санчес 29 қарашада мерзімінен бұрын парламент сайлауы өтетінін жариялады. Бұл шешім парламенттің тұрғын үй дағдарысын шешуге бағытталған үкімет бастамаларын қабылдамауынан кейін қабылданды.