Baqyla бақылаушыларды оқытады
Baqyla қоғамдық қозғалысы алдағы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы қарсаңында еліміздің барлық өңірлерінен бақылаушыларды даярлау курстарын ұйымдастырып, 19 наурыз күні өтетін кезектен тыс сайлауда бақылаушылар тобын жасақтауды жоспарлап отыр. Бұл туралы саясаткер Дос Көшім Baqyla қоғамдық қозғалысының бастамашылары өткізген арнайы баспасөз жиынында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2019 жылдан кейін бақылаушыларға қайта дем біткен секілді. Белсенділік артып келе жатқанын бәріміз көріп отырмыз. 2019 жылы президент сайлауы кезінде бақылаушылар көп болды. Бірнеше ұйым дүниеге келді. Сайлаудан кейін әрбір аудандарда бақылаушылар пайда бола бастады. Былтырдан бері бақылаушыларды бір орталыққа үйлестіру бағытында жұмыстар жасалып жатыр. Менің, ойымша бұл өте дұрыс. Себебі кейде бір сайлау учаскесінде бес бақылаушы болса, екіншісінде ешкім жоқ. Үйлестіретін болсақ барлық сайлау учаскесін бақылау мүмкін болмақ, - деді Дос Көшім.
Саясаткер сайлау болатын кезде бастары бірігіп, сайлаудың нәтижесін жариялағаннан кейін тарап кететін бір күндік ұйымдар жоқ емес екенін жасырмады.
Бұл жұмысты 1999 жылдан бері бақылаушыларды оқытумен айналысып келе жатырмын. Осы ұйымда бақылаушыларға семинарлар өткіземін. Сайлауға жеке түсіп жатқан депуттарға семинарларымыз ақылы. Ал сайлау процесін бақылаймын деген тәуелсіз бақылаушылардан ешқандай да қаржы талап етпейміз, - деді ол.
Дос Көшім бақылаушыларға қатысты биыл бір-екі өзгеріс бар екенін айтты.
Оның біреуі, сайлау процесін азаматтық қоғам бақылауы керек. Азаматтық қоғамның негізгі бағытының бірі мониторинг жасау. Қазір жарғысында сайлауды бақылау мақсаты қойылған ұйысмдар ғана бақылаушылар қатарына кіреді. Олар 1 қаңтардан бастап аттестациядан өтіп жатыр. Демек көптеген ұйым кіре алмай қалады. Сондықтан тәуелсіз бақылаушыларды ұйымдастыратын ұйымдар қажет. Себебі облыстарда бұрын бақылап жүрген ұйымдардың 80-90 пайызы биыл бақылай алмайды. Олардың жарғысында сайлауды бақылау туралы жазылмаған дегенге сүйенеді. Бұған қарсымын. Себебі Конституциядық заңда саяси партиялар, Конституциялық бірлестіктер, ҮЕҰ сайлауды бақылай алады деп жазылған. Экологиялық ұйым не жалғызбасты аналарды қорғайтын ұйым екені маңызды емес. Кез келген азаматтық қоғам бақылай алуы керек, - деді саясаткер.
Дос Көшім биыл бақылаушыларға сайлау учаскесінде тікелей онлайн түсірілім жасауға рұқсат берілмегенін, мұның да бақылау процесіне кедергі келтіретінін айтты.
Соғана қарамастан учаскеде бақылаушылардың болғаны дұрыс. Қазақстанда сайлау комиссиялары мен бақылаушылар ит пен мысық сияқты. Бұл дұрыс емес. Екі топтың мақсаты - сайлаудың заңға сәйкес өтуі. Бақылаушыларға мінез, белсенділік керек. Заңды білетін, ең соңында хаттаманы алып кететіндей болуы керек. Биыл бақылаушылар көп болады деп ойлаймын. Бақылаушыларды оқытып, олардың жақсы маман болып баруына жауап беруге тырысамыз, - деді ол.