BAQ.KZ мемлекеттік тіліміздің мерейін өсіруде бірегей жобаларды іске асырып келеді – Мамин
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин BAQ.KZ ақпарат агенттігінің ұжымын 10 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Құрметті қаламгерлер, редакция ұжымы! Сіздерді ұлттық мүдде жолында талмай қызмет етіп келе жатқан Baq.kz ақпарат агенттігінің құрылғанына 10 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын, - деп басталған Үкімет басшысының құттықтауында.
Премьер-министрдің айтуынша, өзінің қалыптасу және даму кезеңінде ақпарат агенттігі отандық медиаиндустрияда лайықты орнын ала білді.
Мемлекеттік тіліміздің мерейін өсіру, оның ішінде қазақтілді контент сапасын арттыру, заманауи технологиялар мен ақпараттардың мән-мазмұны арқылы Baq.kz түрлі әлеуметтік топ өкілдерінен жаңа аудитория тарту бағытында бірегей жобаларды іске асырып келеді. Бұл ретте кәсіби іске шынайы берілген Сіздердей ұжымның еңбегін ерекше атап өткен жөн. Алдағы уақытта да халқымыздың тілі мен рухани құндылықтарын дәріптеу жолында Baq.kz агенттігі еліміздің ақпарат кеңістігіндегі үздіктердің қатарында болатынына сенімім мол. Мерейтойларыңыз құтты болсын. Редакция ұжымына зор денсаулық, жаңа шығармашылық шабыт, еңбектеріңізге толайым табыс тілеймін! - деді Асқар Мамин.
Бұған дейін ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев BAQ.KZ ұжымын 10 жылдығымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Айта кетейік, BAQ.KZ ақпарат агенттігі Мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту және тілдерді қолдану мен дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында 2010 жылдың қараша айында құрылды.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев атаулы күнмен редакция қызметкерлерін құттықтап, министр Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ редакция ұжымын министрдің алғыс хатымен марапаттады. Оның ішінде агенттіктің шығарушы редакторы Самал Алманова «Ақпарат саласының үздігі» медалімен, бас редактор Мөлдір Бекбергенова мен аймақтық желі редакторы Назым Бөлесова және BAQ.KZ тілшісі Ержан Жаубай алғыс хаттармен марапатталды.
Бұдан бөлек 10 жылда порталдың жұмысына өз үлестерін қосқан бас редакторлар BAQ.KZ-тің тарихымен бөліскен еді.