Банкроттықтан құтылған Қызылордадағы шыны зауытының бүгінгі жай-күйі қалай

Қызылордада шыны өндіретін зауыт қарқынды жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күні бұл еліміздегі шыны шығаратын ең бірінші кәсіпорын. Зауыт 400-ге жуық маманды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, кәсіпорын өңірдің экономикасына оң серпін беріп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елордалық БАҚ өкілдері елімізде шыны шығару саласында жұмыс қалай қарқын алып жатқанын көру үшін Қызылордаға барған болатын.

Бұған дейін Қытай елшілігінің қазақстандық БАҚ өкілдеріне екі ел арасында «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларды таныстыру мақсатында өңірлерге баспасөз турын ұйымдастырғанын хабарлаған едік.

Алдымен СҚО-дағы «Ай Цзюй» логистикалық паркінің жобасымен, кейін Шымкенттегі мұнай зауытының жұмысымен таныстық. Оған қоса, Жамбыл облысындағы Жаңатас жел электр станциясында болдық.

Кәсіпорынның бас директоры Хань Лицзюнь зауыттың тарихымен, жұмыс барысымен және алдағы жоспарларын таныстырды.

Қазақстандағы алғашқы зауыт

Шыны шығаратын зауыт «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында іске асырылып жатқан инвестициялық жобасы. Бұл кәсіпорынға China National Glass холдингінің еншілес «Орда Гласс» ЖШС кәсіпорны 100% иелік етеді. Бұл кәсіпорынның әлем бойынша еншілік 9 зауыты бар. Соның екеуі Қызылордада және Нигерияда, ал қалған 7 зауыт Қытайда орналасқан.

Кәсіпорынның бас директоры Хань Лицзюннің сөзінше, қазіргі уақытта компания Қазақстандағы бірінші және Орталық Азиядағы ең ірі және ең заманауи флоат-шыны өндіру желісі саналады. Зауыт флоат-шыны өндірісі бойынша жоғары сапалы желіге ие. Зауытта тәулігіне 600 тонна және жылына 197 100 тонна қалқымалы шыны өндіріледі.

Компания былтыр ресми түрде ашылып, 2022 жылдың 9 қыркүйегінен бастап өндіріске енгізілді.

Зауыттың негізгі мақсаты – Қазақстан нарығын шынымен қамтамасыз ету.

Зауыттағы шыны өндірісі Қазақстан нарығын толық қамтып, тіпті сұранысынан асып түседі. Сондықтан дайын өнімнің 30 пайызы Өзбекстан, Тәжікстан және Ресейге экспортталады. Сонымен қатар тек отандық шикізат қолданылатынына жергілікті атқарушы органдармен келісім жасаған болатынбыз. Қазір Қазақстанда зауыт болмағандықтан, тек сода күлін ғана Ресей мен Өзбекстаннан сатып аламыз. Қазір шикізат тасымалдайтын қазақстандық бірнеше кәсіпорынмен жұмыс істейміз, - деп айтты ол.

Зауыт басшысы, бұл өте ауқымды жоба екенін сөз етті.

Өздеріңіз білетіндей, бұл жоба алғашында басқа кәсіпорынның иелегінде болған. Олар зауытты салды. Бірақ біліксіз мамандардың салдарынан жоба жүзеге асырылмай қалды. Біздің кәсіпорын зауытты сатып алғаннан кейін жобаны іске қосуды жеделдеттік. Бұл Қызылорда облысындағы жергілікті тұрғындар үшін өте ауқымды жоба. Себебі жұмыс орны құрылады. Болашақта да осындай зауытта ұзақ жыл жұмыс істеуге болады. Өйткені зауыт үздіксіз жұмыс істеп тұрады. Тұрақты жалақы бар. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық дамуына да септігін тигізеді, - деп түсіндірді Хань Лицзюн.

Ол жергілікті атқарушы органдар зауытпен байланыста екенін, қолдау көрсетіп тұратынын жеткізді.

Банкроттықтан үздіксіз өндіріске дейін

2017 жылға дейін қытайлық серіктестер зауытты сатып алғанға дейін өндіріс толығымен тоқтатылды. Зауыттың бұрынғы акционерлері арасында конфликт болып, мемлекет жобаны инвестициялауды тоқтатты. Зауыт банкроттықтың алдында тұрды. Біз зауытты сатып алғаннан кейін жобаға түзетулер енгіздік. Ақша құйдық. Алайда коронавирус пандемиясы салдарынан 2020-2021 жылдары жұмыс қарқыны төмендеді. Пандемиядан кейін зауыттың құрылысын жеделдеттік. Осылайша 2022 жылы зауыт құрылысы аяқталып, іске қосылды, - деді кәсіпорынның бас директоры.

Бүгінгі күні кәсіпорын мемлекеттің осы жобаға құйған инвестициясын қайтарып үлгерген.

Біз акционер ретінде бұл зауытқа басқа жердегіден 2-3 есе көп инвестиция салдық. Біз бұл зауытты алғанға дейін мемлекет шамамен 50 миллион доллар инвестициялады. Құрылыс аяқталған соң бұл соманы мемлекетке қайтардық. Жеткізушілер алдында басқа да қарыздары болған. Қазір бұл қарыздың барлығы толығымен жабылды, - деп атап өтті ол.

Жоспар – энергия үнемдейтін шыны өндіру

Күн сайын зауыт қалыңдығы 3,5 миллиметрден 12 миллиметрге дейінгі 500 тонна шыны шығарады. Ең қуатты швед, итальян, неміс, түрік және жапон жабдықтары сағатына 1800 мың кВт тұтынады.

Цехтерде ауа температурасы 45 градусқа дейін көтеріледі.

Кәсіпорын 15 млн доллар инвестиция құйып, келесі жылы Қызылорда шыны зауыты энергия үнемдейтін Low-e шынысын шығармақ. Қазіргі күні қажетті құрал-жабдықтарды алып, жоспарды орындауға дайындалып жатыр. Бүгінде көпшілігі энергия үнемдейтін шыныны пайдаланады. Өйткені жарықты өткізіп, жылуды өткізбейді. Кәсіпорынның жоспарында күн панельдері үшін шыны өндіру де бар. Бұл шыны тек Қытайда шығарылады, бірақ Қазақстанда шығарыла бастаса, Еуропаға экспорттауға болады, - деп санайды ол.

Басты проблема – маман тапшылығы

Қазіргі күні зауытта қытайлық 107 адам және жергілікті 270 адам маман жұмыс істейді. Жалпы алғанда кәсіпорнымызда 400-ге жуық адам бар. Жобаның негізгі мақсаты - жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етіп, оларға шыны өндіруді үйрету. Қазіргі күні шетелдік мамандардың саны азайту бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Дәлірек айтқанда, жергілікті тұрғындар шыныны өздері өндіре алуы үшін оларды оқытып жатырмыз. Себебі бұған дейін Қазақстанда мұндай зауыт болмаған. Арнайы мамандар да жоқ. Сол себепті қазір үш жылдың ішінде жергілікті тұрғындарды оқыту бағдарламасын енгіздік, - деп түсіндірді Хань Лицзюн.

Зауыт еліміздің білім министрлігіне осы салада маман дайындау бойынша мәселені ұсынып көрмек болмақ, алайда мамандарды оқытатын мұғалімдер де жоқтың қасы.

Зауыт қазіргі күні қытайлық қызметкерлерді қысқартужы жоспарлап отыр. 2025 жылға қарай шамамен 50-ге жуық қытайды жұмыс орнында қалдыру жоспарында бар. Олардың отбасы Қытайда, олар сонда жұмыс істегісі келеді. Мұнда олардың еңбекақылары жоғары болғанымен, ол өнімнің өзіндік құнына да әсер етіп отыр.

Зауытта орташа жалақы шамамен 300 мың теңге.

Біздің саламыз өте күрделі. Сол себепті маманды оқытып шығаруға кемінде үш жыл кетеді. Қазір зауытта бір қытайлық маман қазақстандық маманмен бірге жүреді, оны оқытады. Егер қызметкер өзінің біліктілігін көрсетсе, оны Қытайға үлкен зауыттарымызға оқуға жібереміз, - деп айтты ол.

Зауыт 24/7 режимімен жұмыс істейді.

Сонымен бірге егер ешқандай жағдай болмаса, қызметкер ештеңе істемейді. Мұнда еңбек күші барынша азайтылған. Себебі адамға машиналардың жұмысын бақылап, қондырғыларды басқару жеткілікті. Зауытта барлық жұмыс автоматтандырылған.

Электр қуаты өшіп қалса, жергілікті жұмысшылар не істерін білмей дал болады. Мысалы, жақында ғана жарық 40 минутқа өшіп, қызметкерлердің нақты не істерін білмеуінен 250 млн теңге шығынға ұшырадық, - дейді Кәсіпорынның бас директоры Хань Лицзюнь.

Негізгі өнімдерге түссіз мөлдір қалқымалы шыны, түрлі-түсті қалқымалы шыны және қапталған шыны кіреді. Қазақстанда жоғары сапалы флоат-шыныға ішкі сұранысты қанағаттандыра отырып, өнімдер Орталық Азия елдерінің, сондай-ақ Ресей мен Әзірбайжан сияқты басқа елдердің нарықтарында сатылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы