Банкроттық туралы заң: Жергілікті бюджет 100 млрд теңгеден қағылуы мүмкін
Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, банкроттық туралы заңның аясында алынатын сома жеке тұлғаның табысы деп саналмайды және салық төленбейді.
Қазір бұл сома шартты түрде есептік деп есептеледі. Бүгінде тиісті агенттік ұсынған деректерге сәйкес 1 млн 180 мыңнан астам адамның қарызы бар. Олар алған қарыз сомасы 1 трлн 100 млрд теңгені құрап отыр. Осылайша, жергілікті бюджет аталған тұлғалардың 100 пайыздық айналымы кезінде 3 жылда 100 млрд теңге табыстан айырылуы мүмкін. Яғни 2023 жылы – 50 млрд теңге, 2024 жылы – 30 млрд теңге, 2025 жылы – 20 млрд теңге деп жоспарлануда, - деп атап өтті ведомство басшысының орынбасары.
Сонымен қатар ол аталған сомалар – шартты түрде айтылғанын ескертті.
Бәлкім, қарызы бар тұлғалардың барлығы бірдей банкроттыққа жүгінбеуі мүмкін. Сондай-ақ өтінішті қарастыру кезінде бас тартулардың болуын да ешкім жоққа шығармайды. Банкроттық туралы заң нормаларының біразы қазір жұмыс істеп тұр. Біз қаржылық басқарушылар бойынша мемлекеттік қызметті қостық. Электрондық форматта өтініштер келіп түсуде. Қырық шақты мемлекеттік, сонымен қатар өзге де мекемелердің ақпараттық жүйелерімен біріктірілген жаңа ақпараттық жүйені жасадық, - деді вице-министр.
Белгілі болғандай, аталған мәселеге қатысты үкіметтік деңгейде жиын да өтеді.
3 наурызда алғашқы өтініштер түседі деп күтілуде. Басшылық деңгейдегі қызметкерлеріміз борышкерлер көп өңірлерге жіберіледі. Өңірлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Банкроттық – бұл қарызды төлеуден босату емес, амнистия да емес, өзіндік шектеу шараларынан тұратын соңғы амал, - дейді Ержан Біржанов.