Балқашта тағы да қайталанды: Жағажайға көлікпен кірген азамат жазаланды
Балалар мен демалушылар жүрген жағалауға көлікпен кірген алматылықтың әрекеті сотқа жетті. Оған қандай жаза тағайындалды?
Threads әлеуметтік желісіндегі жарияланымға байланысты полиция қызметкерлері Жамбыл ауданының Үлкен ауылы маңындағы Балқаш көлінің жағалауында орналасқан демалыс орны аумағына автокөлікпен кіру фактісі бойынша тексеру жүргізді.
Тексеру барысында Алматы қаласының 32 жастағы тұрғыны Арыстанбек Абу автокөлігімен азаматтар, оның ішінде балалар демалып, шомылып жатқан жағалау аумағына барғаны анықталды.
Тексеру қорытындысы бойынша құқық бұзушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сот шешімімен Арыстанбек Абу 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ал оның автокөлігі арнайы айып тұрағына қойылды.
Полиция азаматтарға қоғамдық тәртіпті сақтап, көпшілік демалатын орындарда белгіленген тәртіп пен мінез-құлық қағидаларын қатаң сақтауды ескертеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін де тура осындай жағдай орын алған болатын. Сол Балқаш көлінде жұрт шомылып жүргенде суға жүргізуші көлікпен кірген еді. Демалыс орнында жұрттың өміріне қауіп төндірген 40 жастағы жүргізушінің әрекеті сотта қаралып, сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.