16 Сәуір 2026, 10:59
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов
Баланың жағдайы балабақшада ғана анықталады: Министрлік инклюзиядағы басты проблеманы атады
Ерте диагностика жүйесінің әлсіздігі балаларға дер кезінде көмек көрсетуге кедергі келтіріп отыр.
Қазақстанда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды ерте анықтау және қолдау жүйесі толық қалыптаспаған. Бұл туралы Мәжілісте өткен талқылауда айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарованың айтуынша, қазіргі жүйеде бірқатар түйткіл бар.
Бізде балалардың ерекше білім беру қажеттілігі көбіне балабақшаға келген кезде ғана анықталады, – деді ол.
Оның сөзінше, бұл балаларға дер кезінде көмек көрсетуге кедергі келтіреді.
Сондай-ақ салада мынадай мәселелер анықталған:
•ерте диагностика жүйесінің әлсіздігі;
•ведомствоаралық үйлесімнің жеткіліксіздігі;
•психологиялық-педагогикалық қолдау сапасының толық бақылауда болмауы;
•педагогтердің дайындық деңгейінің жеткіліксіздігі;
•техникалық құралдармен қамтудың әлсіздігі.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, скрининг барысында 12 мыңнан астам балада даму бұзылыстары анықталған. Алайда олардың тек 8500-і ғана ресми тіркеліп, арнайы қызметтер алып отыр.
Бұл мәселелерді шешу мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы заң жобасында қарастырылған, – деді вице-министр.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 237 мың ерекше балаға мыңдаған мұғалім жетіспейтінін хабарладық.