Баланың мектептегі қауіпсіздігі немесе қандай затты мектепке әкелуге болмайды
Бала қауіпсіздігі – еліміздегі ең басты мәселелердің бірі. Білім ордалары тек оқыту және тәрбие ісімен айналысып қана қоймай, баланың қауіпсіздігін басты назарда ұстауы қажет, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еліміздің мектептерінде болған соңғы оқиғаларға қарап, баланың мектептегі қауіпсіздігіне алаңдамайтын ата-ана жоқ екені рас. Білім беру ұйымдарының бейнебақылау камераларымен, дабыл түймелерімен, турникеттермен және т.б. қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілуі маңызды.
Білім ошақтарында бала қауіпсіздігін сақтау үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Ел мектептері толығымен камера, дабыл түймелерімен қамтылған ба? Мектепке алып кіруге тыйым салынған заттар тізімінде не бар? Осы сұрақтардың жауабын іздеп көрейік.
Мектепке балта алып кірген оқушы 3 баланы жаралады
Елді дүрліктерген бұл оқыс оқиға жақында ғана Петропавл қаласындағы №4 орта мектепте болды. Осы жағдайдан кейін ел мектептері толығымен қайта тексерілетін болды.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев оқиғаның мән-жайын Үкімет отырысында баяндап берген болатын.
13 ақпанда сағат 7.52-де Петропавл қаласының полиция басқармасына №4 орта мектептің оқушыларына дене жарақатын келтіргені туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына тергеу тобы жылдам шығып, тексеру кезінде сағат 7.40-та рюкзагында асхана балтасы мен пышақ және қолдан жасалған маска болған 9-сынып оқушысы анықталды, - деді вице-министр.
Сөзінше, оқушы сағат 7.50-де екінші қабатта орналасқан әжетханада маскасын киіп, балтамен дәлізге жүгіріп шығып, алдымен 10-сынып оқушысының басынан екі рет ұрып, кейін 10-сыныпта оқитын қыздың иығына бір рет және басына екі рет ұрған, содан кейін 9-сынып оқушысының басынан тағы бір рет ұрған.
Осы факт бойынша ҚК 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Заңды өкілі ретінде анасы анықталды.
ІІМ өкілінің берген мәліметіне сәйкес, күдіктінің психикалық денсаулығында проблемасы бар. Алматы қаласының республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығы жалпы білім беру бағдарламасы бойынша оқуын жалғастыруға рұқсат берген.
№4 мектепте екі ауысымда оқиды. 39 сынып, 984 оқушы, 70 мұғалім бар, ал оның біреуі психолог. Мектепте және оның аумағында 42 бейнебақылау камерасы бар және «СА Барыс next» ЖШС қосылған 5 дабыл түймесі бар.
Балаларды балтамен ұру әрекеті: Психолог талдауы
Психолог Зарина Қаһарман оқушыларды балтамен ұрып, жарақаттаған баланың әрекетіне болжам жасап көрді.
Оның айтуынша, Петропавлдағы №4 орта мектепте 13 ақпан күні 9-сынып оқушысы 9-10 сыныптардың үш оқушысын балтамен жаралағанын естідім. Ресми ақпарат бойынша бұл мектепте 984 оқушы және бір психолог бар. Болған жағдайға психологты кінәлау қаншалықты әділетті? Балаларды жарақаттаған оқушыдан жеке сұхбат алмағандықтан, оның ата-анасымен жеке сөйлеспегендіктен ол осындай әрекетке мына себептен барды деп нақты айту қиын.
Зарина Қаһарман психолог ретінде өз болжамын былай деп пайымдады.
Ресми ақпарат бойынша бала 9-сыныпта оқиды. Анасы жалғыз тәрбиелеп жатыр және оқушының психикалық ауытқуы бар. Енді осы мәселелерге жеке-жеке тоқталып көрейік. Егер баланың психикалық ауытқушылығы болса және ол ауруханада тіркелген болса, онда психиатрмен жұмыс істеді деген сөз. Психиатр балаға қандай дәрі-дәрмек жазып берді? Қанша уақытқа жазып берді? Баланың ата-анасы ол дәрі-дәрмекті уақытылы ішіп жүргенін қадағалады ма? Тағы бір ақпарат бойынша дәрігерлер баланың мектепте оқуына рұқсат еткен. Бұл орайда оқушыға қандай диагноз қойылғаны маңызды. Себебі психикалық ауытқудың да, шизофрения дертінің де түрлері өте көп. Мысалы, баяу ағынды шизофрения бар. Бұл дертпен адам 5-6 жылда, 10-15 жылда бір рет ауырады. Осы аралықта ол ел қатарлы өмір сүреді, бірақ күндердің бір күнінде оқтаулы мылтықтай атылады. Ал петропавлдық оқушыда нақты қандай диагноз? Ол туралы нақты ақпарат жоқ. Ал оқушының мұндай әрекетке баруына не түрткі болды? Егер балада расымен де психикалық ауытқу болса, мүмкін оны құрбы-құрдастары, мектептегі басқа балалар мазақтаған болуы мүмкін, - деп айтты ол.
Себебі қазір буллинг мәселесі де өте өзекті. Сондықтан бала ашу-ызасын ішінде жинап-жинап, күндердің бір күнінде алдынан шыққан балаға осылай соқтыққан болуы мүмкін деп есептейді.
Екіншіден, баланы анасы бағып-қағып отыр деді. Ал әкесі қайда екені жайында ақпарат білмейміз? Анасынан басқа бір шаңырақ астында тағы кім тұрып жатыр? Олармен қарым-қатынасы қандай? Мысалы, үйде де психологиялық қысып көрген, жаны ауырған бала үйдегі адамдарға ашу-ызасын шығаруға күші жетпесе, ол мектептегі балалардан да өш алуы мүмкін. Ол саналы түрде мектептегі оқушыларға шабуыл жасап жатыр, ал бейсаналы түрде өзінің шынайы өмірде күші жетпейтін адамына шабуыл жасап жатыр. Бұл – өте нәзік тақырып. Бұл жағдайды баланың өзімен сөйлескенде ғана анықтауға болады, - деп ойын бөлісті психолог.
Мұндай дертті психолог емдей ала ма?
Маманның айтуына қарағанда, егер оқушыда расымен де психикалық ауытқу болса, онда ол баланы психиатр емдейді. Яғни дәрі-дәрмек қолдану керек. Ал психолог оның шер тарқатып алуына, мұң шағуына көмектеседі. Тіпті психологтың көмегімен дәрі-дәрмектердің дозасын азайтуы да мүмкін. Бірақ жалпы ауыр диагноз қойған жағдайда міндетті түрде психиатр дәрі-дәрмекпен емдеуі керек.
Мектепте 984 оқушы бар және осы оқушыға бір ғана психолог бар. Бұл қаншалықты әділетті? Бұл өте аз. Жалпы мектеп психологтары қағазбасты болып жатқандарына көп шағымданады. Демек ол қағаз толтырумен айналыса ма, әлде балалардың жан дүниесімен айналыса ма? 9-сынып оқушысы - шамамен 15-16 жастағы бала. Ол баланың өміріндегі өтпелі кезең. Бұл психикалық ауытқу болмаған күннің өзінде де өте ауыр өтетін кезең. Бала өтпелі кезеңнен өтіп жатқан кезде оның ата-анасы да бірге иненің ұшымен жүргендей болады. 2-3 жыл шыдамдылық танытулары керек, - деп түсіндірді Зарина Қаһарман.
Психолог ата-ананың баланы мектептің «мойнына» артып қоюы дұрыс емес деп есептейтінін айтты.
Бұл жерде мектепке тапсырып қойып, «мектеп жауапкершілікті алсын», «мұғалім жауап берсін», «психолог жауап берсін» деген болмайды. Ең алдымен жауапкершілік ата-анада. Ата-ана қанша жерден жұмысбасты болса да, үйіне келгеннен кейін баласына кем дегенде 10-15 минут уақытын бөліп, қал-жағдайын сұрап, сезімдерін сұрауы керек. Сезімін сөзбен жеткізе білген бала агрессиясын, өкпе-ренішін сөзбен жеткізіп үйренеді. Олай болмаған жағдайда бала жоғарыда айтылған мысалдағыдай күш қолдануды әдетке айналдырып кетеді. Сол себепті ең бірінші баланың сезімімен жұмыс істеп үйренуіміз керек. Бейресми ақпарат бойынша бала мұндай әрекетке интернетте көрген ойынның әсерінен барған деген пікірлер де бар. Ол қаншалықты рас-өтірігін білмеймін, - деді ол.
Сондай-ақ сөзін қорытындай келе, жалпы өмірде ата-анасы мойындамайтын, қадірлемейтін, құрметтемейтін, сөздерімен санаспайтын, кемсітілетін бала ойынның ішінде өзін қаһарман санайтынын айтты. Бірақ ең бастысы ол ойындағы әрекеттерді өмірде іске асырып жібермеуі керек. Бұл жағдай еліміздегі барлық мектепке сабақ деп ойлаймын.
Қазақстан мектептерінде қанша педагог-психолог бар?
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазіргі күні еліміздің барлық білім беру ұйымында психологиялық қызмет жұмыс атқарады. Оқушыларға психологиялық көмек көрсету осы қызмет арқылы ұйымдастырылған. Еліміздегі мектептерде 8 мыңнан астам педагог-психолог жұмыс істейді. Оларға тек оқушылар ғана емес, баланың мінезіндегі өзгерістерді байқаған ата-аналар мен оқушылармен тікелей жұмыс істейтін педагогтер де жүгіне алады.
Психологиялық қызмет жұмысына мектептің педагог-психологымен қатар тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары мен әлеуметтік педагог те атсалысады. Сонымен қатар балалармен жұмыс істейтін өзге де педагогтер бұл қызметті ұйымдастыруға араласа алады.
Мектептер қауіпсіздік жүйелеріне қосылған ба?
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі берген дерекке сәйкес, ел мектептері қауіпсіздік жүйелерімен толық қамтамасыз етілмеген.
- Ірі қалаларда орналасқан мектептердің 98%-ы дабыл түймелерімен жабдықталған.
- Мектептердің 77%-ы кіруді бақылау және басқару жүйелерімен (турникеттер) қамтамасыз етілген.
- Мектептердің 85%-ы лицензияланған күзетпен келісімшарт жасаған.
- Еліміздің барлық мектебі 100% бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта оларды ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосу және ескі камераларды техникалық жаңарту мәселесі тұр.
- Бүгінгі таңда мектептердің 50%-ы ЖБО-ға қосылған.
Министрлік тыйым салынған заттар тізімін бекітті
2021 жылы Білім және ғылым министрінің (қазір Оқу-ағарту министрлігі – ред.) бұйрығымен білім беру ұйымдарына кіргізуге тыйым салынған және пайдалануға болмайтын заттардың тізімі бекітілді.
Бұл тізімге қарудың барлық түрі, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар, сондай-ақ тесуге және кесуге арналған заттар кіреді.
Тыйым салынған заттардың тізімі Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен, ҰҚК, Бас прокуратурамен және Жоғарғы Сотпен бірлесіп жасалған.
Жаңа норманы енгізу оқушылар үшін қауіпсіз және жайлы орта қалыптастыруға, сондай-ақ құқық бұзушылықтарды уақытылы анықтауға және оның алдын алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ мектеп оқушыларының оқу сабақтары кезінде смартфон, планшет, плейерлерді пайдалануына шектеу енгізіледі. Бұл шектеулер денсаулықты бақылау үшін смартфонды қажет ететін ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қатысты емес. Мәселен, қант диабеті бар оқушыларға қандағы қантты бақылау үшін смартфон қажет болуы мүмкін.
Балалардың тыйым салынған заттарды білім беру ұйымдарына кіргізгені үшін олардың ата-аналары мен заңды өкілдері жауапты болатынын айта кеткен жөн.
Мектепке не әкелуге болмайды?
Министрліктің бұйрығына сәйкес білім беру ұйымына әкелуге болмайтын заттар тізімі бекітілген.
Білім беру ұйымдарына және олардың аумақтарына әкелуге тыйым салынған заттар:
- атыс қаруы, оның ішінде травматикалық, газды, пневматикалық, сигналдық, электрлік және құрылымдық жағынан қаруға ұқсас бұйымдар мен зақымдаушы әсері радиоактивті сәулелену мен биологиялық әсерді пайдалануға негізделген қару мен заттар, зақымдаушы әсері электромагниттік, жарық, жылу, инфрадыбыстық немесе ультрадыбыстық сәулеленуді пайдалануға негізделген заттар, қаруға оқ-дәрілер және оның құрамдас бөліктері, снарядтар, жебелер;
- шанышқылы, кескіш, шапқыш, ұрғылау-ұсақтау, лақтыратын заттар, өнеркәсіптік құралдар және өзге де заттар, оның ішінде пышақтар, қырынуға арналған станоктар немесе жүздер, садақтар, арбалеттер, мүйізтұмсықтар, балталар, қылыштар, семсерлер, барлық түрдегі медициналық скальпельдер, жебелер мен дарттар, арпундар мен найзалар, мұзтұтқыштар, металл жұлдыздар, түйреуіштер, шоқпарлар, таяқшалар, кастеттер, нунчактар;
- оқ-дәрілер, жарылғыш және тез тұтанатын заттар, химиялық және улы заттар, оның ішінде жарылғыш заттардың немесе құрылғылардың көшірмелері немесе имитаторлары, аэрозольдық бояулар, скипидар, фейерверктер, кез келген нысандағы жарық беретін зымырандар және пиротехникалық құралдар, сіріңкелер, оттықтар, құрамында улы және мия тамыры бар газ баллондары, психикаға белсенді әсер ететін заттар, темекі бұйымдары, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдар, қорқорға арналған темекі, қорқор қоспасы, темекі қыздыруға арналған жүйелер, тұтынудың электрондық жүйелері және оларға арналған сұйықтықтар.
Қауіпсіздік мәселесі: Барлық мектеп қайта тексеріледі
Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселелерін талқылап, шұғыл кеңес өткізді.
Бұл жағдай білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты жүйелі мәселелерді үнемі басты назарда ұстап отыру қажеттігін көрсетіп отыр. Балалардың қауіпсіздігін сақтау - барлығымыздың басты міндетіміз, - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Министр әріптестеріне білім мекемелеріндегі қауіпсіздікті барынша қамтамасыз етуде шұғыл әрі тиімді жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырды.
Бүгін Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті арттыру мақсатында Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне білім басқармаларымен бірлесіп, биылдың 20 ақпаны мен 17 наурызы аралығында республикадағы барлық оқу орнының кешенді қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілуіне мұқият мониторинг жүргізілсін. Осы маңызды мәселеде өзара әрекеттесудің тиімді тетіктері әзірленсін. 20 наурызға дейін атқарылған жұмыстардың қорытындысы баяндалсын, - деп тапсырма берді Ғани Бейсембаев кеңесте.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға білім беру ұйымдарын турникеттермен, дабыл түймесімен, лицензиясы бар күзетпен, ішкі істер органдарының Жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылаумен толық қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.