Балаңды кім бағады? Балаларын күтушіге бақтыратындар көбейген
Ақтөбе облысында балаларын күтушіге бақтыратындар көбейген, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Бала күтуші — қазіргі таңда сұранысқа ие кәсіптің бірі. Бүгінде балаға қарайтын кәсіп иелерін тек ауқаттылар ғана емес, көпшілік жұрт та іздей бастаған. Өз перзентін өзгенің тәрбиесіне беру, өзгенің баласын өз жауапкершілігіне алу екі жаққа да оңай емес. Алайда онсыз тағы жол жоқ. Бұл орайда ақтөбелік аналар да балаларын күтушіге бақтыруға мәжбүр. Себебі көпшілігі ақша табу үшін жұмысқа шығуды дұрыс көрсе, кейбіреулер ауқатты жағдайына қарап осы қызметті пайдаланғысы келеді. Көп жағдайда жалғызбасты аналар осы қызметке көп жүгінеді екен.
Қазір Ақтөбе қаласында бала күтушілерге сұраныс жоғары. Әлеуметтік желілерден «Тез арада бала күтуші қажет» немесе «Бала күтуші қызметін ұсынамын» сынды хабарландыруларды үнемі көзіміз шалып қалады. Жалақылары да әр түрлі.
Осындай хабарландыру арқылы баласына бала күтуші іздеп тапқан ақтөбелік Әсем Ерғазинаның айтуынша, орта жастағы әйелдер көп хабарласып, осы жұмысқа деген ниеттерін білдіріпті. Телефон шалғандардың арасында жас қыздар да бар екен. Алайда Әсем тәжірибесі бар және баласына жауапкершілікпен қарайтын адам іздегенін айтады.
Отбасында мен де, жолдасым да жұмыс істейміз. 2 баламыз бар. Біреуі — 5 жаста, екіншісі бір жастан асты. Үлкеніміз балабақшаға барады. Ал кішкентайымды қарайтын адам болмады. Өзім жұмысқа шығып кеттім. Себебі күнделікті жұмсалатын қаражат, ай сайын төленетін несие, жалпы айтқанда, отбасы қажеттілігі үшін жұмысқа шығуға мәжбүр болдым. Қазір кішкентай Асланымды бала күтуші бағады. Күтушім 30-дан асқан келіншек. Өзінің де балалары бар. Сондықтан мен оған баламды сеніп тапсырамын. Мен жұмыста жүргенде ол баламды тамақтандырып, жуындырып, ұйықтатады. Үй ішінің ұсақ-түйек жұмыстарына көмектеседі. Кейде шаруалары болып қалған жағдайда Асланды өз үйіне алып кетеді. Өзінің балаларына енесі қарайды. Кейде менің балам сол үйдің балаларымен бірге тамақ ішіп, ойнайды, - дейді ол.
Әсемнің айтуынша, өз енесі ауылда тұрады. Өзге балаларының қолында. Анда-санда ғана келеді. Атасы марқұм болып кетіпті. Ал өз анасы осыдан бірнеше жыл бұрын ауырып қайтыс болған. Сондықтан баласын қарайтын, қол ұшын беретін жақын адамы жоқ. Амал жоқ, баласын күтушіге бақтыруға мәжбүр.
Бұрын балабақша мәселесі әр ата-ананың бас ауруына айналғаны белгілі. Тіпті, жылдар бойы жеткізбейтін ұзын-сонар тізім адамды мезі қылатын. Қазіргі таңда облыста жыл сайын жаңа балабақшалар бой көтеріп жатыр. Орындар да жеткілікті. Алайда олардың көбі бір жастағы баланы алмайды. Негізі кез келген баланы мектепке дейінгі ұйымға үш жастан бастап беру керек. Ал менің балам әлі кішкентай. Сондықтан үш жасқа дейін оны осылай бала күтушінің көмегімен өсіргім келеді. Бір жағынан, балабақшаға тасу, қатынау да оңай емес. Жұмыстан күнде босап шыға алмайсың, - дейді кейіпкеріміз.
Оның айтуынша, қазір «бала бағу» бизнесінің күннен-күнге қарыштап дамуына басты себеп – ата-аналардың жұмысбасты болуы.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту үлесі 87 пайызды құраған. Ал 2 жастан 6 жасқа дейінгілердің үлесі — 91 пайыз, 3-6 жас аралығындағылар — 100 пайыз.
Бүгінде өңірде 600-ге жуық мектепке дейін білім беретін мекеме жұмыс істейді. Оларда жалпы саны 42 мыңға жуық бала бар. Былтыр облыс бойынша жаңадан 20-дан астам балабақша ашылып, оларға кезекте тұрған 2500-ге жуық бала қабылданды. Жалпы облыста балабақшамен қамтуда бүгінде ешқандай мәселе жоқ.
Жасы жиырмаға жаңа толған Нұрила бүгінде бала күтуші болып қызмет етеді. Арнаулы оқу орнын бітірген Нұрила өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмағандығын айтады. Мамандығы — бухгалтер.
Бірнеше ай жұмыс іздеп біраз мекеменің есігін қақтым. Барлығы «түйіндемеңізді қалдырып кетіңіз. Өзіміз хабарласамыз» деп шығарып салды. Бірақ бүгінгі күнге дейін ешқайсысынан хабар жоқ. Амал жоқ, күнкөріс үшін ақша керек. Отбасында 5 баламыз. Ата-анам жұмыс жасайды. Дегенмен, кейде қаражат жағынан қиналып қаламыз. Сондықтан үйде бос отырмай ақша табу үшін осы жұмысқа келіскен болатынмын. Таныстарымның айтуы бойынша, 5 айдан бері бір отбасының 2 баласын бағып отырмын. Аналары жұмыс жасайды. Таңертең кетіп, кеш келеді. Аналары келгенше балаларды тамақтандырып, ойнатып отырамын. Үй шаруасын да атқарамын. Ол үшін үй иесі қосымша ақы төлейді. Кейде екі баланың киімін жуып, кешкі ас та дайындап қоямын. Әрине, менің бұл кәсіпте тәжірибем аз, дегенмен үйдегі іні-сіңлілеріме қарайтынмын. Сондықтан кішкентай баланың тілін тез табамын. Кейде олармен бірге өзім де ойнап кетемін, — дейді Нұрила Жолтаева.
Нұрила бұл жұмыстағы басты дүние — балаға деген махаббат пен сабырлылық, одан кейін жауапкершілік екенін айтады. Бала бағу — оңай жұмыс емес. Оның да өзіндік қиындығы бар. Баланың көңілін табу керек, жылағанда жұбатып, артық қылық көрсетсе, қайыра білу керек. Бала тәрбиесіне бей-жай қарауға болмайды.
Қазір жасы менімен шамалас қыздар бала күтуші болуға келісе бермейді. «Біреудің баласын баққанша, үйімде алаңсыз жатқаным абзал» дейді. Алайда, менің ойымша бұл кәсіптің ешқандай ауырлығы жоқ. Біздің қаламызда әзірше бала күтушілерге арналған агенттік не кеңес беру кабинеті секілді ешқандай арнайы ұйым жұмыс жасамайды. Мүмкін болашақта ашылып та қалар. Егер ата-аналар тарапынан ұсыныстар түсіп жатса, бала күтушілер саны да көбейеді деп ойлаймын. Бірақ бүгінгі күні мен өзімнің достарыма, таныстарыма бала күтуші болып жұмыс жасаймын деуге ұяламын. Себебі өзгелер өз мамандықтарымен жұмыс жасап жатқанда, менің осы кәсіпте жүргенім өзіме ұнамайды, - дейді ол.
Бала күтушілердің көбі айлығы жақсы болса да, кәсібін ашық айтудан ұялады. Алайда кәсіптің жаманы жоқ.
Жалпы, зерттеп білгеніміздей, бала күтушінің жалақысы бірнеше факторға байланысты. Ол — жұмыс кестесі, міндеттер тізімі, біліктілігі мен жұмыс кезінде жинаған тәжірибесі.
Қазақстанда бала бағудың орташа бағасы — күніне 2000-3000 теңге. Көп отбасылар айлық жалақыны төлеуді жөн көреді, егерде бала күтуші күні бойы жұмыс берушінің үйінде тұрып жатса, бұл ыңғайлы, әрі жалақысы да көп болады. Ал тек уақытпен ғана қызмет етсе, онда айына 60000-70000 теңге көлемінде жалақы алады.
Біздің сұхбаттасқан кейіпкерлеріміздің айтуынша, біздің қаламызда бүгінгі күні бала күтушінің орташа жалақысы — 70-80 мың теңге.
Әрине, жұмысына ұқыпты, жауапкершілікпен қараса, балаларымды үнемі назарда ұстап, бағып, күтсе, мен бала күтушіме жоғары жалақы беруге тырысамын. Ал қосымша міндеттер жүктеген жағдайға үстемақы төлеймін, — дейді Әсем Ерғазина.
Демек, кез келген ата-ана баласының денсаулығы мен күнделікті күн тәртібіне ұқыпты қарап, шынайы сүйіспеншілікпен қызмет еткен бала күтушісінің де көңілін қалдырмауға тырысады. Алайда бала үшін бала күтушінің емес, өз анасының тәрбиесі, аялы алақаны, мейірімі әлдеқайда қымбат, әлдеқайда қажет. Ал аналардың айтуынша, нарық заманында күнкөріс қамын ойламаса, тағы болмайды...