Балаларды орыс мектебіне беру үрдісінен әлі де арыла алмай келеміз
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік тіл мәселесін алдымен балабақшалар мен мектептерден бастаған жөн. Көкшетауда тіл мәселесіне арналған алқалы жиында зиялы қауым осындай ұсыныс білдірді.
Облыстың 17 ауданында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бірлестігінің 63 филиалы жұмыс істеуде.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ҚБ Ақмола облыстық филиалының төрағасы Ермек Нұғымановтың айтуынша, өңірде мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты түйткіл көп.
Балаларды орыс мектебіне беру үрдісінен әлі де арыла алмай келеміз. Ақмола облысында 543 мектептің 153-і қазақ тілінде, 218-і аралас, 172-і орыс тілінде оқытады. Көкшетаудағы 21 мектептің 2-уі ғана қазақтілді. Оның өзі кеңес үкіметі кезінде салынған. Осы уақыт ішінде қалада мемлекеттік тілде білім беретін бірде-бір мектеп ашылған жоқ. Үштілділік саясат жүргізілсе де, оқушылардың дені орыс тілі мен ағылшын тілін жетік меңгерген де, қазақ тіліне мүлдем шорқақ. Бұл ащы шындық, – дейді «Қазақ тілі» қоғамы ҚБ Ақмола облыстық филиалының төрағасы.
Ол атап өткендей , мектептерде қазақ тілі сабақтары дұрыс оқытылмайды.
Мектеп бітірушілер арасында өз есімін айта алмайтындар жетерлік. Бір күнде бір сөз үйренуге болады. Жылына 100 сөз үйренсе, он бір жыл бойы 1100 сөз үйренген оқушы еркін жазып, сөйлей білуі тиіс қой. Дұрыс талап қоя алмай отырмыз. Осы ретте білім ордаларындағы қазақ тілін оқыту мәселесін жоспарға кіргіздік. Мектептердегі қазақ балаларының үлесі 60%, өзге ұлт өкілдері 40%. Тілді үйрету балабақшадан басталатындықтан, бөбекжайлардың барлығын мемлекеттік тілге ауыстыру қажет. Қазіргі күні Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы құрамындағы «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігі мүшелері осы мәселені көтеруде, – деп нақтылады бірлестік төрағасы.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ҚБ Көкшетау қаласы филиалының төрағасы Ерлан Атамбайдың айтуынша, тіл мәселесі бір күнде аударып-қопарып тастайтын жұмыс емес.
Елдің тыныштығы, ішкі тұрақтылық – мемлекетіміздің басты қағидаттарының бірі. Тіл мәселесін ең төменнен бастау керек. Халықтың үлес салмағына қарай елімізде аралас мектеп-балабақшаларды ұстауға мәжбүрміз. Десек те бұған мойынсұнып отыра беруге болмайды. Оқу мекемелерінің басшылары міндетті түрде қазақ тілін жетік меңгерген маман болғаны жөн. Дәл қазір мұндай талап қоя алмағанымызбен, біртіндеп жүзеге асыруға тиіспіз, – дейді филиал төрағасы.
Ол жоғары оқу орындарының филогия факультеттері орыс мектептеріне арналған қазақ тілі мамандарын даярлау сапасына назар аудару керектігін алға тартты.
Кеңес үкіметі тұсында ауылдан қалаға бір ауыз орысша білмейтін жастар екі-үш аптада орыс тілін меңгеріп алатын. Бұл – оқытушылардың талап қоюынан деп ойлаймын. Қазақ интернатының балалары орыс тілін еркін меңгеріп шықты. Сабақта 45 минут бойы бір ауыз қазақша сөз айтылмайтын. Сол тұста мұғалімдерге қатаң талап қойылды. Қазақ мектептеріне сабақ беретін орыс тілі пәнінің оқытушылары талапшыл болды. Қазір осы мәселеге баса назар аудару керек. Мұғалім талап қоя білуі тиіс. Көшелердегі көрнекі ақпараттардың қазақ тілінде сапалы жазылуына тұрғындар да мүдделі болғаны жөн. Аудан-ауыл тұрғындары сапасыз жарнамаларды фото-видеоға түсіріп бізге жолдаса, бағдарламаларда қолданар едік, – дейді Ерлан Нұрбайұлы.
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл тіл үйретуге әлемдік тәжірибеден мысал келтірді.
Солақай саясаттың салдарынан өткен ғасырдың 60-шы жылдары елдегі қазақтардың үлесі 29-ақ пайыз болды! Мұның өзі тіл мәселесіне теріс әсерін тигізбей қойған жоқ. Негізі тіл үйренемін деген адамға жағдай жасалып жатыр. Бірақ нәтиже жоқ. Көтермелеу немесе керісінше мәжбүрлеу арқылы үйрету әдісі әлемдік практикада бар. Мысалы, Голландияда бір жылдары гастарбайтерлер көбейіп, голланд тіліне қауіп төнген. Мемлекет Тіл полициясын құрады. Оған заңды құқықтар беріледі. Мысалы, бөгде тілде сөйлегендерді полицейлер ұстап, он рет дүре соғады. «Қоғамдық орындарда өзге тілде сөйлемеймін» деген қолхат алынады. Екінші мәрте ұсталған адам елден шығарылған. Он жылдан кейін голланд тілінің мәртебесі орнына келген соң, тіл полициясының қажеттілігі туындамаған, – дейді ол.
Тіл жанашыры Ел тәуелсіздігінің 15 жылдығына байланысты өткен жиында баяндама жасаған жазушы Әбіш Кекілбаевқа «Тіліміз неге дамымай жатыр? деген сауалға берген жауабын еске алды.
Жазушы: «Меніңше, оның кілтипаны біреу ғана. Дүйсенбі күні Ақордада бүкіл жиын мемлекеттік тілде өтсе, сейсенбі күні Үкімет міндетті түрде қазақ тілінде өткізер еді. Сәрсенбі күні министрліктер, бейсенбі бүкіл облыс, аудан әкімдері, жұма ауыл әкімдері, сенбі бизнестегілер қазақша өткізер еді», деп еді. Билік қазақша сөйлемей қоғам еш уақытта сөйлемейді. Ине қайда барса, жіп соңынан жүреді. Бірде ақын, тіл жанашыры Мұхтар Шахановтың: «Қазіргі бүкіл депутаттық корпус, министрлік, лауазымы жоғары мемлекеттік қызметкерлердің 99,9 пайызының баласы орысша оқиды. Бұдан мемлекетіміздің ертеңіне сенім жоқ деген ұғым туады. «Орысша оқымаса нан тауып жей алмайды» деген ұғым әлі санада қалып қойған» деп қатты айтқаны есімізде, – дейді Ғосман Төлеғұл.
Осы ретте ол тіл үйретуге қатысты әдістерді саралауға шақырды.
Ұлт қайраткері Сәкен Сейфуллин халық комиссариатын басқарған тұста өзге ұлт өкілдері қазақ тілін меңгеріп, іс жүргізгенде жалақысына ай сайын 25 пайыз үстеме қосып отырған. Бұл жұмысты өзі қадағалап отырған. Қазақ мемлекеті барда қазақ тілінің дәрежесі еш уақытта төмен түспейді, деді Президент. Ең бастысы, ұлттық рух пен намысты көтеру керек, – дейді тіл жанашыры.
Облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Әсем Жұмағұлова ономастикаға қатысты түйткілді мәселелерді атап өтті.
Оның мәліметінше, еліміз бойынша идеологиялық тұрғыда ескірген атаулар бойынша жоғары көрсеткіш Ақмола облысына тиесілі.
Облыс бойынша 300-ден аса елді-мекен, 1 мыңнан аса көше атауы жаңартуды талап етеді. Ескірген атауларды өзгерту бойынша Жол картасы бар. Оған сәйкес биыл облыста 20 елді мекеннің тарихи атауын қайтару міндеті тұр. Бізде пандемияға, елде жүргізілген санаққа байланысты ономастика мәселесі бойынша 2-3 жылдан бері жұмыс тоқтап тұр. Алдағы отырыста өңірге қатысты 119 мәселе қаралады. Оның ішінде 9 елді мекен, 63 ауылдық округ бар, – деп түсіндірді Әсем Жұмағұлова.
Ол атап өткендей, елді-мекендердің атауларына қойылатын талап – міндетті түрде екі-ақ түрлі атау беру. Сол елді мекеннің тарихи атауын қайтару керек немесе географиялық атау болуы шарт. Басқа атаулар өткізілмейді.
Қазір Бірлік, Ынтымақ, Тәуелсіздік, Достық, Жастар, Болашақ, Азаттық деген атаулар көбейіп кетті. Бұлай атай беру тарихымызға қиянат жасау. Осыны ескерген жөн. Ата-бабаларының есімін қоюды сұрап аптасына үш-төрт өтініш түседі. Елді-мекенге адамның есімін беруге болмайды!, – деп нақтылады басқарма маманы.
Соңғы үш жылда зерттеу жұмыстары ұйымдастырылды. Омбы, Алматы, жергілікті архивтерден біздің елді мекендерге қатысты құжаттар іздестіріліп, «Ақмола облысының топонимдері» деген кітап құрастырылды.
Жергілікті жерлерде танымал адамдардың есімдерін көшеге, мектепке беріңдер деген ұсыныстар көп түседі. Қазір елге танымал 555 адамның есімі бекітілген. Біздің тарапымыздан ұсыныстар беріледі. Барлық мектеп директорының есімін білім ордаларына бере берсек, ертеңгі күні талас-тартыс басталады. Алдымен әлі де самсап тұрған Ленин, Чапаев, Комсомол, Пионер, Интернациональныйлардан арылып алайық. Қоғамдық бірлестік мүшелері осы іске атсалысып, көмектессе дейміз, – деп ұсыныс білдірді Әсем Жұмағұлова.
Мектепке есім беру мәселесі Үкімет деңгейінде қаралатындықтан, көп уақытты талап етеді.
Оны республикалық ономастика комиссиясы да шешпейді. Білім министрлігінен келісім алынады. Қазір 33 мектептің құжаты республикалық ономастика комиссиясының қарауында жатыр. Одан бөлек бес министрліктің келісімін алуымыз керек. Содан кейін Үкімет отырысында қаралуы үшін кезегін күтеді, – деп атап өтті басқарма маманы.
Облыстық ішкі саясат басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дулат Қоспанов көрнекі ақпаратқа қатысты белсенді жұмыс жүргізу керектігін айтады.
Жарнамаларды түзетуде мемлекеттік мекемелердің құзыретілігі аз боп тұр. «Кәсіпкерлік туралы» Заңға сәйкес «Тіл туралы» Заңды бұзған жарнама иесіне бара алмаймыз. Себебі Заңда тексеру, бақылау жұмыстары қарастырылмаған. Тұтынушылар құқы да қорғалмаған. Қазақ тілінде зат алам деп қанша талпынсақ та ештеңе ала алмайтын жағдайға жеттік. Өйткені сатушы өзге этнос өкілі болса қазақша түсінбейтінін айтып, өз жұмысын атқара береді. Осылайша қазақтілді азаматтардың құқығы бұзылады. Осы мәселемен азаматтар бізге жазбаша да, телефон арқылы да жиі хабарласады, – дейді ол.