Балаға қоқысты сұрыптауды үйрету керек – эколог
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елодадағы №38 мектеп-лицейінде экосағат өтіп, оқушылар қоршаған ортаны қорғау тақырыбындағы жобаларын қорғады.
Экологиялық сағат күніне орай мектеп ауласында ағаш көшеттері отырғызылды.
"Бізде үлкен іс-шара өтіп жатыр. Барлық сыныптарда экосағаттар өткізілді. Осы акцияға экология академиясының президенті келіп, оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, экологиялық ахуалдың маңыздылығын түсіндірді. Балалар ағаш отырғызды. Бір сынып өзінің аллеясын ашып жатыр. Мектебіміздің 20 жылдығына орай 20 ағаш отырғызылады. Жоспар бойынша осындай тағы 20 нақты іс-шара өткізіледі. Жалпы бүгінгі шара оқушылардың үлкен қызығушылығын тудырып, табиғатты қорғау мен аялау керектігін тағы бір рет ұғындырды", - деді №38 мектеп-директоры Кәмилә Кәрімбердіқызы.
Мектеп бойынша өткен экологиялық сағатта оқушылар,ұстаздар мен экологтар бірлесе жұмыс жасап, өз ой-пікірлерімен бөлісті.
"Экология мәселесімен 24 сағат бойы айналысамыз. Бүгінгі экосабақтың әлеуметтік-саяси маңызы өте үлкен. Себебі біз экологияны мектепте, де жоғары оқу орындарында да оқытамыз. Ал осындай акциялардан баланың көкірек көзі оянып, қоқысты бөлу, қоршаған ортаны таза ұстау, суды үнемдеу бойынша ойлана бастайды. Бұл мәселе бірден шешілмесе де, баланың ойы оянады. Осындай сағаттар көмегімен балалар қоқыс шығарса да оны бөліп шығару керек екенін түсіне бастайды. Бұндай акцияны жүйелі түрде өткізген дұрыс. Мысалы, Оңтүстік Кореяда балаларға қоқысты жинау қабілетін арттыру үшін мектепке баратын сөмкесіне қалақ пен сыпырғы салып береді екен. Сонда бала алдындағы қоқысты жинап жүріп, ойлана бастайды. Оқушыларға экология мәселесін үнемі еске салып отыру керек. Балаларды үнемді болуға тәрбиелеуіміз керек. Қоқысты сары жәшіктерге бөліп, сұрыптап салуды, ыдыс жуғанда суды ретсіз ағызбауды айтып отырған жөн", - деді халықаралық экология академиясының президенті Мұсағали Дуанбеков.
Ұстаздардың айтуынша, балалардың табиғатты қорғауға байланысты әзірлеп келген жобалары тың бастамалар мен ойларға толы.
"Балалар бүгінгі сабақтан табиғатты қорғауды, күтуді, электр энергиясын, суды үнемдеу керектігін ұқты. Олар өздерінің табиғатқа деген көзқарасының ерекше екендігін көрсетті. Себебі әр топтың балалары өздерінің қорғаған жұмыстары арқылы табиғатқа деген сүйіспеншіліктерін тағы бір көрсеттті", - деді бастауыш сынып ұстазы Айгүл Сейдуалықызы.
Бір пластикалық құмыраның жойылуына 700 жыл кетсе, ал бір түп ағаш бір күнде 2 литр оттегі шығарады. Министр 11 сынып оқушысының тұрмыстық химиялық қалдықтарды жою туралы жобасына қолдау көрсетілетінін айтты.