22 Қазан 2026, 14:10 Фото: видеодан скриншот

Балабақшадағы зорлық-зомбылық: Таразда екі жасар баланы ұрған тәрбиеші тергеуге алынды

Ата-аналар дабылы: Балабақшада балақайға кім қол көтерді?

Таразда екі жасар баланы ұрған тәрбиешінің үстінен тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарады. 

Анасының айтуынша, 5 қазанда ата-анасы екі жасар ұлын балабақшадан денесінде соққы іздерімен алып кеткен. Басында қызметкерлер бұл жағдайды балалар арасындағы төбелес деп түсіндірген. Кейінірек отбасына тәрбиеші балаларды ажыратып жүріп, байқаусызда балаға қолы тиіп кеткенін айтқан.

Ата-аналар бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарауды талап етіп, видеоны үш күннен кейін әрең алған. Анасының шағымына сүйенсек, кадрлардан балабақша қызметкерінің оның баласына күш қолданғаны көрінеді. Жазбаны көргеннен кейін отбасы полицияға шағымданған.

Жамбыл облысының ПД баспасөз қызметі BAQ.KZ сауалына қатысты төмендегідей жауап жолдады. 

Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің «кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамауы» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтау мақсатында қажетті тергеу амалдары жалғасуда. Тергеу нәтижесіне сәйкес тиісті процестік шешім қабылданатын болады, – делінген ведомствоның баспасөз қызметі берген жауапта.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада балаларды орындыққа байлап қойып, тәпішкемен ұруға қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

Тағы оқи отырыңыз: 

Таразда тәрбиеші аутизмі бар баланы қол-аяғын байлап ұйықтатпақ болған

Балабақшадан «кезексіз орын» уәде еткен астаналық әйел 4 жылға сотталды

Ақтөбеде ұйықтап жатқан баланың бетін тырнаған балабақша қызметкері тергеліп жатыр