«Бала тегін білім алуы керек». Нарықтағы сұранысқа ие мамандарды оқытатын мекеме

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Үкіметке сұранысқа ие мамандарды даярлауды тапсырды. Айта кетсек, бүгінгі күні елімізде қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы саласы мамандар тапшы. Осындай мамандарды елордадағы Туризм және сервис колледжі оқытады. Колледж 8 мамандық және 22 біліктілік курсы бойынша білім береді.

Бүгін аталған колледждің жұмысымен танысып, сұранысқа сай қандай мамандарды даярлап жатқандарын білдік.


Сервис және туризм колледжі жұмыс берушілермен бірлесіп, болашақ мамандарды даярлау бойынша талап етілетін кәсіби құзыреттер жиынтығын әзірледі. Сондай-ақ білім процесіне студенттерді даярлаудың жаңа пәндері мен бағдарламалары енгізіліп жатыр.

Сервис және туризм колледжі директорының міндетін атқарушы Салтанат Басығараева оқу ордасында қандай мамандықтар бар екенін айтып берді.


Оның сөзінше, бүгінгі таңда колледж тамақтануды ұйымдастыру, туристік іс, сервис, қонақ үй бизнесі және т. б. бағыттар бойынша 8 мамандық және 22 біліктілік бойынша білім беру қызметтерін ұсынады. Колледжде жалпы 1105 адам білім алып жатыр.

Колледжде 8 мамандық бар. Оның біреуі – «Орман шаруашылығы». Бұл мамандыққа сай өзіміздің зертханамыз бар. Балалар бұл жерде тәжірибеден өтеді. Ал арнайы пән мұғалімдері мен мамандар студенттерге гүлдерді қалай өсіріп, күтіп, оны қандай температурада қалай отырғызу керектігін үйретеді. Бұл салада оқығандар флорист, ландшафт дизайнері және орман патологі мамандары болып шығады, - дейді ол.

Сондай-ақ Салтанат Басығараева сұхбат кезінде алдағы жоспарларымен де бөлісті.


Елбасының бастамасымен бәріміз білетіндей, «жасыл белдеу» жобасы қолға алынды. Осы жоба аясында елорданы көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан бұл корпуста тек қана орман шаруашылығы мамандары білім алады. Сол себепті осы жерде арнайы жылыжай, бақша (жеміс-жидек) жасау ойымызда бар. Яғни бұл аймақ тек орман шаруашылығына арналған, - деп директор түсіндірді.


Колледж Қазақстан агро және ауылдық туризм қауымдастығымен меморандумға отырған. Осылайша білім мекемесі агротуризмді дамытуды қолға алып отыр.

Қазіргі күні колледж оқытушылары пандемияға байланысты мектептермен ZOOM арқылы, кей жағдайда санитарлық талаптарды ескере отырып, кездесу ұйымдастырады. Кездесу барысында колледждегі мамандықтарды таныстырып, түрлі шеберлік сабақтарын өткізеді. Одан бөлек, әлеуметтік серіктестеріміз (Мысалы, Ботаникалық бақ, Жұмбақтас отелі, т.б.), - деп Салтанат Басығараева атап өтті.


Директордың сөзінше, оқушылар тарапынан оқуға қызығушылық жоғары.

Мамандықтарға оқушылар тарапынан қызығушылық бар. Олар көбіне флорист, ландшафт дизайнері болғылары келеді. WorldSkills стандарттарына сай ландшафт дизайнері маманына сұраныс бар. Жалпы сұранысқа сәйкес мамандықтар бойынша студенттерді дайындаймыз, - деп директор түсіндірді.



Ол атап өткендей, студенттердің арасында тамақтандыруды ұйымдастыру, туризм мамандықтарына қызығушылық айтарлықтай бар.

Тамақтандыруды ұйымдастыру және орман шаруашылығы мамандықтарын біріктіре отырып, балаларға табиғи өнімдерден тамақтанып, оның ағзаға пайдалы екенін түсіндіреміз. Осы екі мамандықты байланыстырып, дұрыс тамақтану жобасын дамытуды жоспарлап отырмыз. Мамыр айында жағдай жақсы болса, оқу орнында оқушылар мен колледж студенттеріне арналған ауқымды жәрмеңке, семинар өткізгіміз келеді, - дейді ол.

Жәрмеңке аясында оқушыларға фермерлер өз өнімдерін таныстырады.


Колледж студенттері тәжірибеден колледж меморандумға отырған мекемелерден өтеді. Олардың қатарында Қазақстаннан бөлек, шетелдік ұйымдар да бар.

Бұл мамандықтар елордада 2017 жылдан бері оқытылып келеді.


Колледжде «Еңбек» бағдарламасы және «Жұмыспен қамту» орталығы арқылы ересек адамдарды қысқамерзімді курстардан өте алады. Олар тамақтандыруды ұйымдастыру және кондитер біліктілігі бойынша біліктіліктерін арттырады.



Осындай біліктілік курсынан «Жұмыспен қамту» орталығы арқылы келген бірнеше елордалық білім алып жатыр. Олар «Еңбек» бағдарламасы арқылы білімдерін жетілдіріп, алдағы уақытта жұмысқа орналасу мүмкін екенін айтты.


Колледжге оқуға көбінесе елорда және аймақтар мектептерінің оқушылары келеді.

Бүгінгі таңда колледждің заманауи материалдық-техникалық базасы бар, бұл қажетті мультимедиялық жабдықтармен жабдықталған.


Инженерлік педагогикалық ұжымның сапалық құрамы - 65%, оның ішінде 38 оқытушы жоғары санатты, 15 - бірінші санатты, 12 - магистр.

2 жыл ішінде 121 оқытушы біліктілікті арттыру курстарынан өтті, оның ішінде колледждің 54 инженер-педагог қызметкері кәсіпорындарда тағылымдамадан өтті.


Біз нақты экономика жағдайында, елорданың еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру, ең алдымен, болашақта мамандар қайта оқытылмай, қысқа мерзімде технологиялық және әлеуметтік өзгерістерге бейімделуі үшін қаланың ағымдағы және перспективалық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағдарлануы тиіс деп санаймыз. Осыған байланысты, жаңа талапқа сәйкес колледждің білім беру саясатын қайта қарау бойынша жұмыс басталды және біз жұмыс берушілермен бірлесіп, WorldSkills стандарттары бойынша білім беру бағдарламаларын біріктірудеміз, - деп Салтанат Басығараева айтты.

Сөз соңында колледж директоры биыл білім мекемесі күрделі, заманауи өзгерістен өтетінін айтты. Яғни кабинеттің барлығы заман талабына сай жасалып, жабдықталады.

Колледжде жалпы 1105 студент оқиды, оның ішінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша - 806, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша - 147 адам, ақылы негізде - 152 адам. «Еңбек» бағдарламасы арқылы әлеуметтік осал топтан, яғни көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған отбасыдан шыққан балалар оқиды, - деп айтты директор.


Басығараеваның айтуынша, қазір мемлекеттік саясаттың оқуға қабылдаудың ережесіне сәйкес талапкерлер ақылы түрде оқымауы керек. Себебі еліміз «бала тегін білім алуы керек» деген саясатты қолға алып отыр. Сондықтан биыл көбі ақысыз оқиды.


Биыл былтырмен салыстырғанда қалада 4 752 бала тегін біліммен қамтамасыз етіледі. Колледжге оқуға тек елорданың ғана емес, басқа да аймақтардың түлектері тапсыра алады. Студенттердің білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, асхана, жаттығу залы, бассейн жұмыс істеп тұр. Ал колледжде ақылы түрде оқитын студенттердің жылдық оқу ақысы 150 мың теңгені құрайды, - деп директор колледждің негізгі басым бағыттарын түсіндіріп берді.

Айта кетейік, 2020 жылы бітірушілердің жалпы санынан 194 адам мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуды бітіріп, шығарылған – 164 адам, оның ішінде 163 адам (92,6% адам) жұмысқа орналастырылды және жұмыспен қамтылды.

 

Сонымен қатар колледж 2021 жылға арналған «Жас маман» жобасы аясында «Орман шаруашылығы, бақ-саябақ және ландшафтық құрылыс» мамандығы бойынша 180 колледж қатарына енді, сондай-ақ «Флористика» мамандығы бойынша студенттерді қабылдауды жоспарлап отыр.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы