Бала құқықтарын қорғау күшейтіледі: Енді омбудсмендер жабық мекемелерге кедергісіз кіре алады
Балалар омбудсмендерінің өкілдері кәмелетке толмағандар жүрген барлық мекемеге, соның ішінде жабық ұйымдарға да бара алады.
Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер балалар жүрген барлық ұйымға, соның ішінде жабық мекемелерге де кедергісіз кіру құқығына ие болды. Жаңа шара кәмелетке толмағандарға қатысты буллинг, зорлық-зомбылық және қатыгездік таныту жағдайларына жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұл туралы ОКҚ баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова атап өткендей, бала құқықтары жөніндегі уәкілдер институты балаларды қорғау саласындағы өкілеттіктерін күшейтіп жатыр. Енді омбудсмен өкілдері жағдайды бақылау және қажетті шаралар қабылдау үшін кәмелетке толмағандар жүрген мекемелерге, басқа құрылымдарға тәуелсіз бара алады.
Ведомство мәліметінше, бала құқықтарының бұзылуына қатысты әрбір жағдай уәкілдердің жеке бақылауында болады. Мұндай тәсіл мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға және проблемалық жағдайларға дер кезінде әрекет етуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Пилоттық жоба өңірлерге де жетеді
Кездесу барысында кәмелетке толмағандар арасында заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру шаралары туралы да айтылды. 2025-2026 оқу жылында Талғар ауданының 10 мектебі мен үш колледжінде «Заң және Тәртіп» идеологиясы аясында арнайы сабақтар басталды.
Пилоттық жоба «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы шеңберінде жүзеге асырылуда және болашақта еліміздің басқа да өңірлеріне де жететін болады.
Бұдан бөлек, республиканың балабақшаларында, мектептері мен колледждерінде «Қауіпсіздік сабақтары» 100% енгізілді. Сондай-ақ QR-111 шұғыл көмек жүйесі де өз жұмысын жалғастыруда, оның көмегімен балалар қолдау сұрап, жедел көмекке жүгіне алады.
28 мыңнан астам балаға психологиялық көмек көрсетілді
Баспасөз конференциясында Психологиялық қолдау орталықтарының жұмысына ерекше назар аударылды.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мұндай орталықтар бүгінде еліміздің барлық өңірінде жұмыс істеп тұр. 2025 жыл ішінде ол жерге 28 мың бала кәсіби көмек сұрап жүгінген.
Тек 2026 жылдың бірінші тоқсанында 6 мыңнан астам бала мен 3,5 мыңға жуық ата-ана қолдау тапты.
Ведомство психологиялық көмек көрсету жүйесін дамыту, буллингтің алдын алу және бала құқықтары жөніндегі уәкілдер институтын күшейту кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Үкіметте балалардың каникулы толық бақылауға алынатыны хабарланды.