Бағдат Мусин: Цифрландыру мен жасанды интеллект – «Әділет» партиясы бағдарламасының негізгі бағыты
Ол мысал ретінде көлікті тіркеу қызметін атады.
«Әділет» партиясының мүшесі Бағдат Мусин партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттардың бірі цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, цифрландыру партия бағдарламасының барлық бағытын қамтитын негізгі құралға айналады. Бұл мемлекеттік институттардың тиімділігін арттырып, бюрократияны азайтуға, мемлекеттік қызметтердегі ашықтықты қамтамасыз етуге және жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Біз жемқорлықтың салдарымен емес, оның туындауына жол бермейтін жүйені қалыптастыруымыз керек. Ол үшін мемлекеттік қызметтерді барынша цифрландырып, адами факторды азайту қажет, – деді Бағдат Мусин.
Ол мысал ретінде көлікті тіркеу қызметін атады. Бұрын бұл үдерісте кезек пен сыбайлас жемқорлық тәуекелі болғанын, ал бүгінде оны смартфон арқылы бірнеше минут ішінде рәсімдеуге болатынын айтты. Оның пікірінше, осындай цифрлық шешімдер мемлекеттік қызметтердің барлық саласында енгізілуі тиіс.
Бағдат Мусин сондай-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын одан әрі дамыту қажеттігін айтты. Оның айтуынша, e-Өтініш платформасына жасанды интеллект енгізілсе, азаматтардың өтініштерін тиімді талдауға, өңірлердегі өзекті мәселелерді анықтап, олардың шешілуін бақылауға мүмкіндік туады.
Сонымен қатар ол ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамту, азаматтарды жасанды интеллект дәуіріне бейімдеу және AI Sana бағдарламасын кеңейту партияның басым міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
Бағдат Мусиннің айтуынша, Қазақстанда дата-орталықтар инфрақұрылымын дамыту да маңызды. Бұл халықаралық технологиялық компаниялардың деректерін елімізде өңдеуге жағдай жасап, елдің цифрлық егемендігі мен ақпараттық қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Айта кетейік, бұған дейін «Әділет» партиясы Adilet365 цифрлық платформасының мүмкіндіктері туралы айтты.