БАӘ-нің алғашқы ғарышкері «Байқоңырдан» Халықаралық ғарыш стансасына ұшады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің халықаралық қарым-қатынасы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бағытталған. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары аясында Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Бейбіт Атамқұлов БАӘ премьер-министрінің орынбасары, президент істері министрі шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянмен кездесу өткізді. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен келешегін талқылады.


Тараптар Қазақстан-әмірлік қатынастардың бірегей әріптестік рухын, сондай-ақ екіжақты өзара іс-қимылдың өзгермейтін жоғары деңгейін атап өтті. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап 27 жыл бойы саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар қарқынды дамып келеді.

«Әмірліктер Қазақстанның Таяу Шығыстағы негізгі стратегиялық серіктесі болып табылады. Біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынас достық және сенімді сипатқа ие. Біз Әмірліктермен өзара тиімді қарым-қатынастарымызды әртараптандыруға белсенді түрде жұмыс істеуге дайынбыз», - деп атап өтті Бейбіт Атамқұлов.


Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жылдың наурыз айында Әбу-Дабиге жасаған ресми сапары екіжақты ынтымақтастықтың дамуына қосымша серпін берді, оның шеңберінде ҚР мен БАӘ арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталған жаңа уағдаластықтарға қол жеткізілді.

СІМ басшысы сұхбаттасушыны Қазақстандағы маңызды ішкі саяси үдерістер туралы хабардар етті және Қазақстан, бұрынғыдай, Әмірліктермен бауырлас және сенімді қарым-қатынастарды кеңейтуге және нығайтуға ұмтылатын болады деп сендірді. Жаңадан сайланған Мемлекет басшысы тәжірибелі саясаткер және танымал дипломат Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-БАӘ қатынастардың сабақтастығы мен жоғары серпінін сақтайтыны жеткізілді.

Тараптар сондай-ақ, алдағы жоғары деңгейдегі кездесулер мен сапарлардың кестесін талқылады. 

«Қазақстан мен БАӘ арасындағы қарым-қатынас ерекше сипатқа ие. Біз ағымдағы ынтымақтастығымыздың шеңберімен шектелмей, жаңа сапалы деңгейге көшуіміз керек. Мұны жүзеге асыру үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар», - деді шейх Мансур бен Заид Әл Нахаян.

Әмірлік тарапы Қазақстанмен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, соның ішінде туризм саласындағы инфрақұрылым нысандарын салуға мүдделі екендігіне сендірді. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Абу-Даби Плаза» көпфункционалды кешені инвестициялық ынтымақтастықтың табысты үлгісі және Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы бауырластық қарым-қатынастардың тағы бір символына айналғаны атап өтілді.

Атырау облысында мұнай-газ-химия кешені құрылысының инвестициялық жобасы (полипропилен өндірісі) бойынша ынтымақтастық перспективалы болып табылады.

Тараптар Қазақстан мен БАӘ туризм, әуе қатынасы, логистика, агроөнеркәсіп секторы және жаңа технологиялар сияқты салаларда одан әрі өсу мен ынтымақтастық үшін кең перспективаға ие екенін атап өтті. Бұл бағыттағы маңызды және жағымды шешім ҚР мен БАӘ арасында визасыз тәртіп орнату болып табылады. 

Сол күні СІМ басшысы Бейбіт Атамқұлов өзінің әмірлік әріптесі БАӘ Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі шейх Абдалла бен Заид Әл Нахаянмен келіссөздер жүргізді.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары екіжақты күн тәртібінің негізгі бағыттары бойынша «сағаттарын» салыстырды, сондай-ақ аса өзекті халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасты. Тараптар өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша қандай да бір келіспеушіліктердің жоқтығын атап өтті және саяси консультациялар өткізу жолымен ведомствоаралық өзара іс-қимылды одан әрі жалғастыруға екі жақты қызығушылық білдірді.

Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа аса көңіл бөлініп, оның дамуының тиімді құралы болып табылатын Үкіметаралық комиссияның қызметіне де назар аударылды.

Әмірлік тарап еліміздегі инвестициялық ахуалды жетілдіру саясатымен егжей-тегжейлі танысып, Қазақстан экономикасына белсенді инвестиция салуға шақырылды. 2005-2019 жылдар аралығындағы кезеңде БАӘ-ден Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 2,1 млрд АҚШ долларын құрады. Тараптар бұл көрсеткіш ҚР мен БАӘ арасындағы әлеуетке сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Жоғарыда көрсетілген кездесулер барысында Қазақстан мен Әмірліктердің ғарыш саласындағы өзара іс-қимылды дамыту үшін жақсы перспективалар бар екендігі атап өтілді. Тараптар тарихтағы алғашқы әмірлік ғарышкер Хазза әл Мансуридің 25 қыркүйекте «Байқоңыр» ғарыш айлағынан Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) ұшуын бірдей қолдады.

«Біздің еліміздің өкілі ғарышқа ұшқаны біз үшін үлкен құрмет. Бұл тарихи оқиға. Біз Қазақстанға еліміздің ғарыш саласын дамытуға қолдау көрсеткені және ынтымақтастығы үшін алғыс білдіреміз», - деп атап өтті БАӘ сыртқы істер министрі.


Бұл іс-шараға құрметті қонақ ретінде қатысу үшін Қазақстанға БАӘ Жоғары білім беру мемлекеттік министрі, Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Ахмад Белхула әл Фаласи бастаған өкілетті делегация келеді деп жоспарлануда.

Екіжақты қарым-қатынастарда білім беру саласындағы ынтымақтастық маңызды орын алады. 2016 жылдан бастап Қазақстан астанасында Халифа бен Заид гуманитарлық қорының қаражатына салынған №84 орта мектеп-лицей жұмыс істейді. Осы мектептің үш үздік түлегін жыл сайынғы негізде БАӘ жоғарғы оқу орындарында тегін оқыту туралы келісімге қол жеткізілді.

Жалпы екі елдің Сыртқы істер министрлігі басшыларының келіссөздері достық, ашықтық пен ынтымақтастыққа дайындық рухында өтті. Қазақстанның сыртқы істер министрі әмірлік тарапқа Үкіметаралық комиссияның 7-отырысын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы