Азық-түлік өндірушілеріне жеңілдік көбейеді: Кәсіпкерлерге қандай қолдау бар?
Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындарға жылдық 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Сонымен қатар өндірісті жаңғыртуға жұмсалған инвестициялық шығындардың 50 пайызына дейін өтеледі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, саланы одан әрі дамыту үшін зауыттарды отандық шикізатпен қамтамасыз ету, заманауи өндірістік қуаттарды ұлғайту және дайын өнімді өткізуге қолдау көрсету қажет.
Осыған байланысты мемлекеттік қолдау шикізатты өндіру мен сатып алудан бастап, оны қайта өңдеу және дайын өнімді өткізуге дейінгі бүкіл тізбек бойынша қалыптастырылған, – деді Назгүл Хатепова.
Зауыттарды салу және жаңғырту үшін жылдық 2,5 пайызбен жеңілдетілген кредиттер қарастырылған. Инвестициялық шығындарды өтеу тетігі бойынша жалпы бағыттарда шығынның 25 пайызына дейін, қант өндірісінде 40 пайызына дейін, ал терең өңдеу өнімдерін шығаруда 50 пайызына дейін өтеледі.
Қайта өңдеу кәсіпорындарының айналым капиталын толықтыруға да басымдық берілген. Бұл бағытта жылдық 5 пайызбен жеңілдетілген қаржыландыру ұсынылады. 2024–2025 жылдары 196 өтінім бойынша 129 млрд теңге бөлінген. Ал 2026 жылдың қараша айының басындағы жағдай бойынша тағы 150 кәсіпорын 120 млрд теңгеге қаржыландырылған.
Бұдан бөлек, «Даму» қоры арқылы несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік беретін тетік қолданылады.
Фермерлерге де субсидия қарастырылған
Басым ауыл шаруашылығы дақылдарын қайта өңдеуге тапсырған кезде субсидия беру тетігі де қарастырылған. Бұл шара отандық шикізаттың қайта өңдеу кәсіпорындарына жеткізілуін ынталандырып, фермерлердің өнімін ішкі нарықта өткізуге қызығушылығын арттыруға бағытталған.
2026 жылы осы бағыттағы субсидия көлемі 20,7 млрд теңгені құраған.
Сонымен қатар сүт өңдеу кәсіпорындарына сары май, ірімшік және құрғақ сүт өндіруге қажетті шикізатты сатып алу шығындарын субсидиялау көзделген. Бұл мақсатқа жыл сайын шамамен 20 млрд теңге бағытталады.
Қайта өңдеуші кәсіпорындар үшін қосылған құн салығы бойынша қосымша есепке жатқызуды қоса алғанда, салықтық ынталандыру шаралары да сақталған.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілер үшін электр энергиясына сараланған тарифтер қолданылады. Бұдан бөлек, азық-түлік бағаларын тұрақтандыру жөніндегі меморандумдар жасалған жағдайда электр энергиясын босату тарифін 20 пайызға дейін төмендету мүмкіндігі қарастырылған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда тамақ өнімдерін өндіру 3,6 трлн теңгеге жеткені хабарланды.