Азық-түлік. 14 млрд теңге бөлінсе де Астана қымбатшылықты тоқтата алмай отыр
Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бүгін өткен Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астана қаласында «айналым схемасы» тетігі бойынша қаржыландырудың бөлінген сомасы 14 млрд теңгені құрайды. Бірақ өңір 2022 жылдың қорытындысы бойынша да, биыл жылдың басынан бері де бағаның өсуі бойынша көшбасшылар үштігінде қалып отыр, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Айтуынша, жыл басынан бері комиссиялар өнімсіз делдалдарды анықтамаған.
Қала әкімі әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен өңірлік комиссияның жұмысын қалпына келтіретініне сенімдімін. Мемлекет басшысы бағаны тұрақтандыру құралдарын қайта форматтау міндеттеді. Үкімет деңгейінде барлық қажетті әдіснамалық және құқықтық жұмыстар атқарылғанын тағы да атап өткім келеді. Біріншіден, өндірушілерге тікелей қарыз беру бойынша тәсіл қайта форматталды. Қазіргі уақытта қант зауыттары үшін шикізат қаржыландырылды. Екіншіден, тұрақтандыру қорларын қалыптастыру тетігі өзгертілді, сатып алу егін жинау кезеңінде, яғни бағалар арзан кезінде, жүзеге асырылады, ал тұрақтандыру қорларынан өнімдерді сату маусымаралық кезеңде жүзеге асырылады, - деді Серік Жұманғарин.
Еске сала кетейік, бұған дейін министр Маңғыстауда бағаны тұрақтандыруға бөлінген қыруар қаржы іске қосылмағаны туралы айтқан болатын.