23 Қазан 2026, 09:12 Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

Азия Пара ойындары: Қазақстан пара велоспорттан тағы екі алтын медаль жеңіп алды

V Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы қазір 12 алтын, 15 күміс және 20 қола медальмен жалпы есепте 47 жүлде жинады.

Қазақстандық спортшылар Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында пара велоспорттан сәтті өнер көрсетіп, екі алтын және екі күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

23 қазанда тасжолда өткен жарыста ерлер арасында B класында 65 шақырымдық қашықтықта Наиль Ермұханбет пен оның пилоты Руслан Әлиев мәреге 2 сағат 1 минут 21 секундта жетіп, алтын медаль жеңіп алды. Ал Кирилл Илюкевич пен оның пилоты Глеб Бруссенский 2 сағат 11 минут 42 секунд нәтижемен күміс жүлдегер атанды.

Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

Әйелдер арасында 55 шақырымдық қашықтықта Анастасия Калаус пен оның пилоты Полина Братчикова 2 сағат 5 минут 47 секундта мәреге жетіп, алтын медаль иеленді. Жұлдыз Қайнарова мен оның пилоты Анжелла Соловьева 2 сағат 9 минут 43 секунд нәтижемен күміс жүлдеге қол жеткізді.

Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

Осылайша, V Азия Пара ойындарының жетінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасының жалпы медаль саны 47-ге жетті. Оның ішінде 12 алтын, 15 күміс және 20 қола медаль бар.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасы Азия Пара ойындарының алғашқы үш күнінде 10 алтын және жалпы 32 медаль жеңіп алып, тарихи нәтижесін жаңартқан еді.