6 Қараша 2026, 11:39 Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

«Әзілдеп айттым»: Мектептегі буллингті қалай анықтап жүрміз?

Әлемде әрбір үшінші оқушы ай сайын мектепте буллингке ұшырайды. ЮНЕСКО келтірген бұл дерек балалар арасындағы қорлау мен қудалаудың жекелеген мектеппен немесе елмен шектелмейтінін көрсетеді. Қазақстанда да мәселе өзекті: Бас прокуратураның 2026 жылғы 22 қазандағы хабарламасына сәйкес, жыл басынан бері буллинг фактілері бойынша 2 мыңнан астам өтініш түскен. Балаға жасалған қысымды қалай анықтауға болады? «Әзілдеп айттым» деген сөздің ар жағында не жатыр? BAQ.KZ тілшісі Астанадағы №93 мектеп-лицейінің 12 жылдық еңбек өтілі бар педагог-психологімен сөйлесті.

Қазақстандағы жағдай: 2026 жылғы деректер нені көрсетеді?

Оқу-ағарту министрлігінің 2026 жылғы 30 қазандағы ақпаратына сәйкес, елдің барлық 20 өңірінде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Жыл басынан бері бұл орталықтарда 33 мыңнан астам адам консультациялық көмек алған. Олардың арасында 19 мыңға жуық бала, 10 мыңнан астам ата-ана және 4,3 мың педагог бар.

Министрлік 111 байланыс орталығына балалардың құқықтары мен әл-ауқатына қатысты 2,6 мыңға жуық өтініш түскенін де хабарлады.

Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Келіспеушілік қай кезде буллингке айналады?

Балалардың ренжісуі, сөзге келуі немесе бір-бірін түсінбеуі өздігінен буллинг болғанын білдірмейді. Алайда қорлауды да «балалардың ойыны» деп бағалап, назардан тыс қалдыруға болмайды.

№93 мектеп-лицейінің педагог-психологы Ардақ Орынбасарованың тәжірибесінде бір-бірін келемеждеу мен сөзін ауыр қабылдау жағдайлары көбіне орта буында, әсіресе 5-7-сыныптарда кездеседі.

Бір бала «әзілдеп айттым» дейді. Ал екінші бала оны олай қабылдамайды. «Мені шеттетіп жатыр, кемсітіп жатыр» деген жағдайлар туындайды. Мұндайда «әзіл еді» деген түсіндіру оқиғаны бағалауға жеткіліксіз. Баланың шағымын тыңдап, сыныптағы қарым-қатынасты, әрекеттің қайталануын және оның салдарын анықтау қажет. Дене жарақатының болмауы да психологиялық қысым болмағанын білдірмейді, – дейді ол.

Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Бала өзі айтпаса, мәселе қалай анықталады?

Психологтің сөзінше, кейбір оқушылар көмек сұрап өздері келеді. Ал бірқатар мәселе сауалнама мен диагностикалық жұмыс барысында байқалады.

Ең алдымен диагностика жүргіземіз. Сауалнама нәтижесіне қарай жағдайды нақтылаймыз. Оқушыны кеңеске шақырып, қандай мәселе болып жатқанын анықтаймыз. Ол буллингке байланысты ма, әлде отбасылық жағдай ма — соны түсінгеннен кейін әрі қарай жұмыс істейміз, – дейді маман.

Оның айтуынша, қажет болған жағдайда тереңдетілген диагностика жүргізіліп, баламен жеке әңгімелесу ұйымдастырылады. Психолог сауалнама жауаптарының құпия сақталатынын атап өтті.

Психологтің көмегі кабинеттегі әңгімемен шектеле ме?

Маманның айтуынша, оқушыға қолдау көрсетуге психологпен бірге сынып жетекшісі мен ата-ана да тартылады. Жұмыс жағдайға қарай жеке кеңес беруді, профилактикалық және түзету-дамыту шараларын қамтиды.

 Ата-анамен міндетті түрде байланысамыз. Сынып жетекшісімен бірлесіп жұмыс істейміз. Екі тараптың да жағдайын қараймыз. Балаға қандай көмек қажет болса, психологиялық қолдау көрсетеміз, – дейді ол.

Психолог мектеп дәліздерінде көмек сұрауға арналған QR-кодтар орналастырылғанын да айтты.

Оның түсіндіруінше, бұл кабинетке тікелей келуге қиналатын оқушыға мәселесін жеткізуге мүмкіндік береді. Түскен өтініш бойынша мамандар әрі қарай жұмыс жүргізеді.

Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Бала неліктен басқаға қысым көрсетуі мүмкін?

Педагог-психологтің пікірінше, кейбір балалардың әрекетін түсіну үшін отбасындағы қарым-қатынасқа да назар аудару қажет. Баланы тыңдамау, сезімін елемеу, оған көңіл бөлмеу ішкі реніштің жиналуына ықпал етуі мүмкін.

 Бала үйде өзін мазалаған нәрсені ашық айта алмауы мүмкін. Ішіндегі қиындығын сыныпта немесе достарының арасында, өзінен жуас балаға көрсетуі ықтимал, – дейді маман.

Ол материалдық мүмкіндіктерді салыстырудан туатын қызғанышты да ықтимал себептердің бірі ретінде атады.

Әлеуметтік желі мен кинодағы зорлық көріністерін бала қалай қабылдайды?

Психолог 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіні пайдалануына шектеу қою идеясын қолдайтынын айтты. Оның пікірінше, интернеттегі ақпараттың ашықтығы балаларға жасына сай келмейтін материалдарды да көруге мүмкіндік беріп отыр.

Қазір әлеуметтік желіде ақпарат өте көп әрі ашық беріледі. Кейде үлкендер білмейтін мәліметтерді 12–13 жастағы балалар біледі. Сондықтан 16 жасқа дейін шектеу қойылса, қолдар едім, – дейді Ардақ Орынбасарова.

Маман әлеуметтік желімен қатар, фильмдер мен телехикаялардағы зорлық көріністеріне де алаңдайды. Оның айтуынша, біреуді ұрып-соғу, келемеждеу немесе топ болып қорлауды бейнелейтін туындыларды кәмелетке толмаған көрерменнің қалай қабылдайтынына назар аудару қажет.

Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Өзім де кино көремін, кинотеатрға барамын. Кейбір фильмдерде зорлық-зомбылық, ұрып-соғу, біреуді ортаға алып келемеждеу көріністері кездеседі. Ересек адам көргенін басқаша бағалауы мүмкін. Ал 18 жасқа толмаған балаға мұндай дүниелер қандай ой салады? Жақсы ой салады деп айта алмаймын, – дейді психолог.

Сұқбат барысында маман баланы тыңдау, оның отбасындағы және сыныптағы жағдайын түсіну маңызды екенін бірнеше рет атап өтті. Өйткені оқушы көмекке әртүрлі жолмен жүгінеді: бірі психологке өзі келсе, енді бірінің мәселесі сауалнама немесе жеке әңгіме кезінде анықталады.

«Әзілдеп айттым» деген сөзбен әңгіме сол жерде бітуі мүмкін. Бірақ келемежге ұшыраған бала ертең де сол сыныпқа келеді. Мәселені ерте байқау үшін оның сөзін тыңдап, мұндай жағдай бұрын да болған-болмағанын және баланың сыныпта өзін қалай сезінетінін сұраудан бастауға болады.

Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Тағы оқи отырыңыз: Буллинг екі есе өскен: Депутат 16 жасқа дейін әлеуметтік желіні шектеуді ұсынды 

Алматыда буллингке қатысты 450-ге жуық шағым түскен: Қаншасы жауапқа тартылды?