Азиада: Екі спортшымыз алтын медаль үшін белдеседі
Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында дзюдодан жарыс жалғасып жатыр. Қазақстандық дзюдошылар Алмат Әділет пен Ажар Асхат финалға шығып, алтын медаль үшін күреседі, деп хабарлайды BAQ.KZ Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесетін Азия чемпионы Алмат Әділет жартылай финалда Тәжікстан өкілі Абубәкір Шеровты вазари әдісімен жеңіп, финалға жолдама алды.
Ал 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Ажар Асхат жартылай финалда Моңғолия спортшысы Анужин Уран-Улзиді 11:0 есебімен жеңді. Қазақстандық дзюдошы вазари және юко әдістерімен ұпай жинап, шешуші кезеңге өтті.
Әйелдер арасында 63 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Есмигүл Құйолова жартылай финалда жарыс қожайыны, жапониялық Наруми Таниокаға ескерту саны бойынша есе жіберді.
Ал 57 келіге дейінгі салмақтағы Дана Әбдірова жұбаныш белдесуінде Қытай өкілі Юинг Таоны юко әдісімен жеңді.
Айта кетейік, дзюдодан финалдық кезең Астана уақытымен сағат 13:00-де басталады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Елдос Сметов пен Абиба Әбужақынова Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Тағы оқи отырыңыз:
Үш алтын – бір «Үлкен дулыға»: Қазақстан құрамасы тарихта қалды
Азия ойындары: 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанның қоржынында 58 медаль бар