Әзербайжан түркі әлемінің негізгі ойыншысы, еуродаққа тікелей шығар жол - ҚСЗИ директоры
Биыл Қазақстан мен Әзербайжан арасында жаңа сарапшылар кеңесі құрылды. Оның алғашқы отырысы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға сапарымен тұспа-тұс келіп тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осылай де Президент жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов мәлімдеді.
Айтуынша, сарапшылар кеңесінің негізгі мақсаты - тығыз әріптестікті нығайту.
Биыл қос елдің дипломатиялық қатынастарының орнағанына 30 жыл толуын атап өту қажет. Тәуелсіздік жылдарында Нұр-Сұлтан мен Баку арасындағы ынтымақтастық стратегиялық одақтастықтың жаңа деңгейіне көтерілді. Әзербайжан Қазақстан үшін сенімді одақтас, түркі әлемінің негізгі ойыншыларының бірі, Оңтүстік Кавказ өңіріндегі стратегиялық маңызды серіктес. Әзербайжан арқылы біз Түркияға, одан әрі Еуроодаққа және Таяу Шығысқа тікелей шыға аламыз, - деді Тұқымов.
Тұқымовтың айтуына қарағанда, Қазақстан Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі келісімнің ықпалды қатысушысы, Ресей, Қытай, Орталық Азия елдерімен орнатылған қарым-қатынастарымен Әзірбайжан үшін ерекше геостратегиялық қызығушылыққа ие.
Бүгінде Қазақстанда Әзербайжан капиталы бар 500-ден астам компания тіркелген. Ал Әзербайжанда қазақстандық капиталы бар 145-ке жуық компания жұмыс істейді. Былтыр Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 332,2 млн АҚШ долларға жетті. Қос ел мұнайгаз, өнеркәсіптік кооперация, көлік және логистика, «жасыл энергетиканы» дамыту, ауыл шаруашылығы салаларында өзара мүдделері мен мүмкіндіктері бар екеніне қарамастан, көптеген аспектілер өз әлеуетін толық іске асыра алмады, - деді ҚСЗИ директоры.
Спикер қазіргі геосаяси жағдай керісінше бізге неғұрлым тығыз сауда-экономикалық кооперацияның қажеттігін көрсетіп отырғанын атап өтті.
Әлемдік дағдарыс жағдайында ынтымақтастықтың маңызды мүмкіншіліктерін кейінге қалдыруға болмайды. Әлемдік турбуленттілік жағдайында пікір алмасу және сараптамалық деңгейдегі тұрақты байланыстар өте маңызды және пайдалы. Кеңестің бірінші отырысы барысында қос елдің сарапшылық топтарының өкілдері екіжақты қарым-қатынастардың өзекті мәселелерін, халықаралық күн тәртібін, бірлескен жобаларға қатысу жөніндегі жоспарларды талқылайды.Мұндай форматтағы кездесулер мен сапарлар тұрақты болады деп үміттенемін, - деді сарапшылар кеңесінде Еркін Тұқымов.