Азамат өзін «банкрот» деп жарияламай-ақ қарызынан құтыла ала ма?
Азамат өзін «банкрот» деп жарияламай-ақ қарызынан құтыла алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл рәсім қалай жүргізілетінін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтып берді.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінің ережелерін түсіндіріп берді.
Заңды тұлғаларға көзделген оң тәжірибені ескере отырып, біз төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін заңнамаға қостық. Мұның бір ерекшелегі бар. Егер арызданушы адамның тұрақты табысы болса, сот шешімі арқылы қарызын 5 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік жасалады. Жоспар құрылады, - деп айтты вице-министр.
Сөзінше, сот және қаржы басқарушысы жоспарды бекітіп, іске асырады.
Бұл жердегі ерекшелік – азамат «банкрот» болмайды. Яғни мұндай мәртебе үшінші рәсім арқылы жүргізілмейді. Сондықтан оған банкрот үшін көзделген салдарлар қолданылмайды.
Бұл ретте барлық міндеттеменің мөлшері (оның ішінде орындау мерзімі басталмаған) өзіне тиесілі мүліктің құнынан аспайтын борышкер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы арызбен ғана сотқа жүгінуге құқылы.
Бұған дейін соттан тыс банкроттық және сот банкроттығы тәсілдері туралы айтқан болатынбыз.