Қазақ тілін меңгеруге көмектесетін сайттар жайлы не білесіз?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 5 қыркүйек - Қазақстан халқы тілдері күні. Оның бұл датаға ауысуының өзіндік себебі де бар. Осы күні "Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы - тіл" деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.

Қазақ әліпбиінің негізін қалаған ұлт ұстазының сара жолын жалғыстырушылар бүгін де аз емес. Олардың еңбектері қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мен өзекті мәселелеріне арналған электрондық базада жинақталған. Төмендегі сайттардан ересектер ғана емес, балалар да қызықты ақпарат табады. Ал тілді үйренемін, тереңірек меңгеремін деушілер үшін таптырмас құрал.

www.tilalemi.kz – ақпараттық-танымдық портал. «Тәуелсіздік тұғыры – мемлекеттік тіл» деген ұранды ұстанған сайтта тіл саясаты саласындағы шаралар, жаңалықтар мен ғылыми, танымдық мақалалар жинақталған. Тұғыр, ақпарат, әдіс, тіл райы, тарту, толғаныс, орта деген жеті айдарда әр өңірде мемлекеттік тілге қатысты өткен семинарлар мен шаралар, қазақ тілінің бүгінгі мәселесі, зерттеулер мен өзге де ақпаратты таба аласыз.

www.tilqural.kz – қазақ тілін оқытуға арналған портал. Мемлекеттік тілді үйренемін, ана тілімді тереңірек меңгеремін деген жандар үшін тілдің қарапайым деңгейінен латын курсына дейін деңгейі қамтылған платформа. Артықшылығы – мобильдік қосымшасын жүктеп алуға болады. Материалдар бейнеролик, аудиофайл форматында беріледі, сондай-ақ ойын элементтері бар сабақтар да қарастырылған. Курс барысында меңгеру көрсеткішін бағалауға арналған балл есептеліп отырады.

www.tilmedia.kz – қазақ тілін оқытуға арналған портал. Бұл да тіл меңгерушілерге арналған құрал. Алайда мұнда аудио, бейне роллик түріндегі сабақтармен қатар, мемлекеттік тілге қатысты жаңалықтар, өзекті мәселелермен де танысуға болады. Сондай-ақ мұнда балаларға арналған қосымша бейнероликтер, қызықты аудиоертегілер де бар.

www.balatili.kz – балалардың тіл меңгеруіне көмектесетін интернет ресурс. Сайт қазақ тілін оқып, дамытқысы келетін үш жастан асқан балаларға, сол сияқты бала тәрбиесімен айналысатын жандарға арналған. Бұл еліміздегі интуитивті іздеу мен ыңғайлы навигация жүйесі бар бірегей онлайн платформалардың бірі.

www.sozdikqor.kz – сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасын анықтауға көмектесетін қосымша. Мұнда әртүрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялардағы және көне, кірме сөздердің, тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын білуге болады. «Сөздікқор» порталының іздеу жүйесі арқылы сөздердің синонимін, антонимін, омонимін, фразеологиялық тіркесте немесе сөйлем ішінде кездесуі жайлы біле аласыз.

www.termincom.kz – қазақ терминдерінің электрондық қоры. Сайт қазақ терминологиясын жүйелеудің жаңа талаптарын жүзеге асыруды, терминологиялық лексиканы біріздендеру, қорын толықтыру, терминдерді және атауларды қазақ тілінің нормаларына сәйкес реттеу мен тиімділігін арттыру мақсатын көздейтін ақпараттық құрал. Сайтқа кірушілер бекітілген және қолданыстағы терминдермен танысып, оны қызметіне қатысты қолдана алады.

www.emle.kz – қазақ тілі орфографиясының анықтамалығы. Әдеби тіл нормасы, орфография, аббревиатура, пунктуация жайында сұрақтар туындаса сайттан толыққанды ғылыми теорияға негізделген жауап аласыз. Тіл саясатының өзекті мәселелері мен ғылыми зерттеуге негізделген мақалалар, кітапхана бөлімінде тіл біліміне қатысты әдебиеттер жинағын оқуыңызға болады.

www.qujat.kz – мемлекеттік тілде іс жүргізушілерге арналған көмекші құрал. Сайт жалпы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған. Мұнда ісқағаздарын жүргізуге қатысты рәсімдеу талаптары, құжат мәтіндерінде қолданылатын сөздер, мәтін тақырыбына қойылатын талаптар, орфографиялық және пунктуациялық ережелер және басқа да нормативтік талаптар қамтылған.

www.qazlatyn.kz – қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге байланысты әзірленген сайт; Латын графикасы негізіндегі жаңа емле ережелерін меңгертуге арналған бейнедәрістер, түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша бейнеблоктар сынды жобалардан тұратын сайттан латын әліппиіне қатысты барлық өзекті мәселелерді де таба аласыз. Сайт әліппиден бастан ғылыми-зерттеуге дейін мақалаларды қамтыған. Балалар мен ересектерге арналған латын әліпбиін үйретуге арналған онлайн-қосымшалар мен қазақ ақын-жазушыларының шығармалары да бар.

www.atau.kz – ономастикалық атауларға арналған сайт. Мұнда қазақ елінің әр өңірдегі жер су атауларының шығу тарихы жайлы ақпаратқа қаныға аласыз. Сондай-ақ, көше, мекемелер, саябақтар атауларының шығу төркіні де осында жинақталған. Сайт оқу әдістемелік қана емес, танымдық десе де болады. Мұнда жер су атауларына қатысты ғалымдар мен зерттеушілердің мақалалары да жарияланып тұрады.

Аталмыш сайттар еліміздегі тіл саясатын іске асырудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жасалды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы