Қазақстандықтар ТДМ туралы ойынның цифрлық нұсқасын әзірлейді

Нұр- Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қазақстанда үш күндік виртуалды хакатон өз жұмысын бастады. Аталмыш шара тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) туралы ойынның жаңа форматын әзірлеу мақсатында елдің әр аймақтарының дарынды бағдарламашылары, новаторлары мен кәсіпкерлерінің басын қосты деп хабарлады Қазақстандағы БҰҰ ДБ баспасөз қызметі.

Цифрлық технологиялар және оларды енгізу өзгерістер мен әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету үшін мүмкіндіктер береді. Біз цифрлық шешімдер барлығымыз үшін қауіпсіз әрі берекелі келешекті қалыптастыру үшін негіз болатынына сеніммен қараймыз. Тұрақты даму мақсаттары және 2030 жылға дейінгі жаһандық күн тәртібі де осы мақсатты көздейді, - деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) тұрақты өкілі Якуп Бериш.

"Миссия 2030" хакатоны азаматтар мен барлық мүдделі тараптарды даму саласындағы мәселелердің шешімін іздеуге жұмылдыру мақсатында 2019 жылы ұсынылған ТДМ туралы танымал үстел ойынының цифрлық нұсқасын әзірлеу алаңына айналады. БҰҰ ДБ ұлттық серіктестермен біріге отырып, ойынды елдің барлық өңірлеріне таратты. Қатысушыларға ТДМ-ды ескере отырып мәселелердің дербес шешімдерін әзірлеп, ұсынуға мүмкіндік берді. Ойын жайлы оң пікірлер айтылып, оны халық арасында кеңінен тарату жөнінде ұсынымдар жасалды. 

Ойынның цифрлық форматы бүкіл ел аумағында ТДМ жөніндегі хабардарлық деңгейін арттыруға және оны халық үшін қолжетімді ете түсуге көмектеседі деп күтілуде. Үш күн бойы қатысушылар алға қойылған мақсатты шешу жолдарын іздеп, өнімді әзірлейтін болады. Іс-шара қорытындысы бойынша әзірлеушілердің қорытынды жұмыстарын қазылар алқасы бағалайтын болады. Бүкіл процесс барысында қатысушыларға тәлімгерлер жетекшілік етеді. Жеңімпаз командаға өз өнімін жасап шығару үшін 5000 АҚШ доллары беріледі.

Хакатон - бағдарламалық өнімдерді жобалау және әзірлеуге арналған өзара әрекеттестік платформасы, оның аясында сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар жобалар үшін шешімдер іздестіру мақсаты қойылады, ал мұндай жобалардың тақырыбы мемлекеттік проблемалардан бастап қоршаған ортаны қорғау мен қалаларды дамыту саласындағы мәселелерді қамтуы мүмкін. Аталмыш платформа қатысушыларға бірлесіп жұмыс істеуге, білім, тәжірибемен алмасуға мүмкіндік береді, сондай-ақ жергілікті технологиялық қауымдастық пен ноу-хаудың дамуына жол ашады.  

Іс-шараны Seedstars жаһандық компаниясымен әріптестікте Қазақстандағы БҰҰ ДБ ұйымдастырып отыр.

Хакатон туралы толығырақ ақпаратты аранйы сайтынан және әлеуметтік желілердегі БҰҰ ДБ  және Seedstars парақшаларынан табуға болады.




Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы