"Аз ақша бер де, көбейтіп ал": Шымкентте қаржы пирамидасын құрғандарға үкім шықты
Әлеуметтік желілерде жарнама жасап, ақшаны жоғары пайызбен қайтаратындарын айтқан.
Сот қаржы пирамидасын ұйымдастырушы мен көмекшілеріне үкім жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында он сотталушыға (бір сотталушы қылмысты кәмелет жасына толмаған кезде жасаған) қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотталушылар қаржылық пирамиданы құру, оған басшылық ету, қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастыру, куәні жалған айғақтар беру мақсатында параға сатып алу және пирамиданың жұмысына көмектесу бойынша айыптағылған.
Белгілі болғандай, сотталушы Қ. 2024-2025 жылдар аралығында аса ірі мөлшерде қаржыны тарта отырып қаржылық пирадимиданы құру және оған басшылық ету мақсатында, өзінің жобасын әлеуметтік желілерде жарнамалап, алған ақшаны жоғары пайызбен қайтаратынын айтып, аударым жасату және қолма-қол алу жолымен аса ірі мөлшерде 600 млн. теңгеден аса ақша қаражаттарын тартқан. Оған қоса қылмыстық жауапкершіліктен жалтару және тергеуді бүркемелу мақсатында куә А.-ның жалған айғақ беруі үшін оның есеп шотына үшінші тұлғалардың атынан ақша аударған. Қалған тоғыз сотталушы қаржы пирамидасының қызметі нәтижелі жүзеге асыру мақсатында салымшыларға банктік реквизиттерді ұсынып және банктік чектерді қабылдап, пирамиданың жұмыс жасауына өз үлесін қоса отырып, пирамида ұйымдастырушысына белсенді жәрдемдескен, - деп хабарлады Шымкент сотының баспасөз қызметі.
Сот жаза тағайындау барысында жеті сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде жасөспірім балалары болуын ескерді.
Сот Қ.-ны ҚК-нің 217-бабы 3-бөлігінің 2)-тармағымен, 218-бабы 3-бөлігінің 3)-тармағымен, 422-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған мүлкін тәркілеп, түпкілікті 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігі негізінде, жазасын өтеуін 1 жыл мерзімге кейінге қалдырды. Тоғыз сотталушы ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі, 217-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танылып, оларға 3 жылдан 7 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алты сотталғанға ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігі негізінде, жазасын өтеуін 3 жыл мерзімге кейінге қалдырды. Сонымен қатар, қылмысты кәмелет жасына толмаған кезде жасаған сотталушыға ҚК-нің 63-бабы негізінде тағайындалған жаза шартты деп белгіленіп, оған 1 жыл пробация бақылау тағайындалды, - делінген хабарламада.
Сотталушыларға азаматтардың ақшалай қаражатын және инвестицияларды тартумен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыру қосымша жазасы тағайындалды. Талап қоюлар ішінара қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енбеді.