Айыптау актісімен келіспейміз — Боранбаев

Астанадағы Сарыарқа аудандық N2 сотында өтіп жатқан сот отырысында Қайрат Боранбаев пен оның сыбайластары айыптау актісімен келіспейтіндерін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін өткен сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Бауыржан Шекенов Боранбаев пен Наханов QazaqGaz ҰК АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жанұзақпен келісімге келу арқылы газ нарығындағы жағдайды өз пайдасы үшін пайдаланбақ болғанын алға тартқан болатын.

Мемлекеттік айыптаушының келтірген айыптаулары түсініксіз. Прокурор «АзияГазЧунджа» компаниясында газ құбыры жоқ деп отыр. Мұны неге сүйеніп айтты?  «АзияГазЧунджа» ЖШС – газ сату және оны жеткізумен айналысады. Барлық лицензиясы да бар, монополияға қарсы комитетте тіркелген. Бұл оның осы қызметпен айналысуға толық құқылы екенін білдіреді, - деді Роман Наханов.

Қайрат Боранбаев та Нахановтың сөзіне қосылатынын, не үшін айыпталып отырғандарын түсінбегенін мәлімдеді.

Тағылған айып бойынша мен өзімді кінәлімін деп есептемеймін, - деді ол.


Ал іс бойынша үшінші айыпталушы Тайыр Жанұзақ та осылай деп отыр.

Мен Боранбаев пен Наханов мырзаны танымаймын. Олармен кездескен жоқпын, телефонмен сөйлеспедім, - деді Тайыр Жанұзақ.

Қайрат Боранбаев пен Роман Нахановқа 14 млрд 565 млн 318 мың теңге көлемінде мемлекет қаржысын жымқырды деген айып тағылып отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қайрат Боранбаев елден қашуға қатысты сұраққа жауап беріп, қалай ұсталғаны туралы айтқан болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы