Бүгiн 2026, 12:54 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

"Айыппұлды тек қалтаға салмақ түскенде түсінеді": ІІМ басшысы "штрафстан" туралы сынға жауап берді

Ержан Сәденов айыппұл заң талаптарын сақтағаны үшін емес, ережені саналы түрде бұзған адамдарға салынатынын атап өтті.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Қазақстанды "штрафстан" деп атайтындарға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол Polisia.kz порталына берген сұхбатында айтты.

Министрдің сөзінше, айыппұл заңға бағынатын азаматтарды жазалау үшін емес, қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қолданылады.

Оның айтуынша, кейбір адамдар ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін тек қалтасына салмақ түскенде ғана түсінеді.

Кез келген жазалау тәжірибесінің басты мақсаты – қоғамда құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасау,-деді ол.

Ержан Сәденов айыппұл заң талаптарын сақтағаны үшін емес, ережені саналы түрде бұзған адамдарға салынатынын атап өтті. Оның пікірінше, бір адамның жіберген қателігі өзгелерге сабақ болуы тиіс.

Әрбір адам бала кезінен заңға қайшы әрекеттердің заңға бағынатын азаматқа тән емес екенін түсініп өсуі керек. Мысалы, Ұлытау облысында балалардың стадиондағы орындықтарды қасақана сындыруы немесе Астанада саябақтарды өртеуі – жол беруге болмайтын әрекеттер. Ал Атырау облысында кішкентай баланың үлкендерден кейін қоқыс жинағаны – баршаға үлгі болатын жағдай. Бұл – тәртіптің қадірін ерте түсінген ұрпақтың көрінісі.

Жалпы, адам заң аясында өмір сүрсе, өзін еркін сезінеді. Оған қорқып жүрудің де, ақталудың да қажеті жоқ. Бекер айтылмаған ғой: егер қалай әрекет ету керегін білмесең, заңға сүйен, – деді ІІМ басшысы.

Тағы оқи отырыңыз: Ақтөбеде 38 рет ереже бұзған жүргізуші ұсталды: Айыппұлы 1,3 млн теңгеге жеткен 

Әкімшілік айыппұлдарға рақымшылық: Кімдер ілігеді, нені білу керек?