Аймағамбетов: МӘМС сақтандыру емес, қарапайым бюджеттен тыс қорға айналды

МƏМС қоры сақтандыру принциптерінің негізіндегі қор орнына, жай ғана қарапайым бюджеттен тыс қорға айналды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру міндетін орындағанда, министрлік оны бюджет есебінен ғана емес, осы МƏМС-те жиналатын қаражаттың есебінен де жүзеге асырды. Бұл да МƏМС-те жиналған, қазақстандықтардың еміне тікелей жұмсалуы тиіс жүздеген миллиард теңге болған, - деп айтты ол.

Осындай шешімдердің нәтижесінде МƏМС қорына кем дегенде 1 трлн теңгеге жуық қаражат түспеген. Бұған қоса 1 трлн теңгеге жуық қаражат алғашқы қойылған мақсаттардан тыс, мысалы, пандемиямен күрес үшін, ГОБМП, бюджет арқылы төленуі керек бағыттарға жұмсалған.

Осының салдарынан денсаулық сақтау саласындағы шығындардың қаржылық ауыртпалығы азаматтарға түсіп отыр. Бұл шешім қордың да қаржылық тұрақсыздығына əкелді. Нəтижесінде, қазақстандықтардың өз қалтасынан емделуге жұмсайтын қаражаттары азаюдың орнына, тек соңғы 2 жылда 27,7%-дан 31,1%-ға дейін өсті. Ауруханалардың кредиторлық берешегі көбейді, азаматтарымыздың медициналық көмек алу уақыты ұзарды, сапа төмендеді, - деп түсіндірді депутат Мәжілісте.

Осы себептен МƏМС идеясының беделі түсіп, тіпті осы жүйеге сенбегендіктен, біршама адам оны жоюды талап етіп жатыр.

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда МƏМС қоры сақтандыру принциптерінің негізіндегі қор орнына, жай ғана қарапайым бюджеттен тыс қорға айналды. Не істеу керек? Бюджеттен МƏМС-ке төленетін жарналар заңға сəйкес орташа жалақы есебінен төленуі тиіс. Яғни келесі жылдың бюджетінде МƏМС-ке тағы 275 млрд теңге бөлінуі тиіс. МƏМС қорының қаражатын мемлекеттің тікелей міндеттерін орындау үшін жұмсауға тыйым салу керек. Мемлекеттен əлеуметтік санаттарға төленетін жарна ставкасы қайта қаралуы қажет, - дейді Асхат Аймағамбетов.

Оның сөзінше, бұған қоса Мемлекет басшысының 2027 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған шығындарын Жалпы ішкі өнімнің 5%-на дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасының орындау үшін жоспарланған қаражат та толығымен бюджеттен бөлінуі тиіс. Ал бұл мақсатқа қол жеткізу үшін салаға жыл сайын кемінде 500 млрд теңге қосымша қаражат бөлу қажет. Бірақ келесі жылдың бюджет жобасында бұл қаражат əлі жоқ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы