Әйгілі «Манас» эпосының қазақ тіліндегі жаңа нұсқасы шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қырғыз халқының ауыз әдебиеті арқылы сақталып келген «Манас» жыры қазақ тілінде жарық көрді. Бұл туралы Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Facebook-тегі парақшасына жазды.

Біртуған қазақ-қырғыз оқырмандарынан сүйінші сұрайтын жаңалығымыз бар: араға 60 жыл салып «Манас» дастаны қазақша сөйледі. Әйгілі эпос 1959-1962 жылдары академик Мұхтар Әуезовтің жетекшілігімен аударылып, басылған болатын. Ол кезде даңғайыр жырды қазақша сөйлеткендер – Қ.Жұмалиев, Ғ.Орманов, Т.Жароков, Д.Әбілов, Ж.Молдағалиев, Қ.Бекхожин, Ә.Тәжібаев, Х.Ерғалиев, С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков сынды саңлақтар еді. Бұл жинақты өзіміз бала кезімізде жата-жастана оқыдық. Жылдар өте ол жинақ қолға түсе қоймайтын сирек кітапқа, таптырмайтын қазынаға айналды. Тәуелсіздік жылдары да «Манас» қайта жариялана қоймапты, - деді Дархан Қыдырәлі.


Бұл ретте, жырды белгілі төкпе ақын, дарынды манасшы Баянғали Әлімжанов «қазақша сөйлеткен».

Өзі манасшы болғандықтан, Баянғали ағаның бұл нұсқасы тек қана жырдың таза аудармасы емес, көптеген варианттарды саралап, ұлы эпопеяның шытырман шүйгінін аралап, шығармашылықпен теріп алған өзгеше нұсқа деуге болады. Сондықтан кітапқа алғысөз жазған Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков еңбекке жоғары баға берді, оны бір туған елдеріміздің дәстүрлі мәдени байланыстарын бекемдейтін туынды деп бағалады, - деп атап өтті Халықаралық Түркі академиясының президенті.

Сондай-ақ, ол Халықаралық Түрік академиясы бұған дейін «Манастың» сөздігін шығарып, энциклопедиясын жариялағанын еске салды. Оған қоса, академия ұжымы манасшылар фестивальін өткізіп, Молла Медер Мергенбаев вариантын латын әліпбиі негізінде де шығарған. «Бұл жинақ сол дәстүрдің жалғасы іспетті» деп жазды Дархан Қыдырәлі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы