Әйелімен жанжалдасқан блогер Ерболат Жанабылов ұсталды
Блогер Эльмира Төлегенова күйеуімен жанжалы мен ажырасып жатқанын мәлімдеді.
Қазақстандық блогер Эльмира Төлегенова жұбайы Ерболат Жанабыловпен болған жанжалға қатысты түсініктеме беріп, олардың ажырасу процесінде екенін хабарлады. Сондай-ақ Астана қалалық полициясы қабылданған шаралар туралы мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Эльмира Төлегенова не айтты?
Бұған дейін әлеуметтік желілерде блогердің бейнеүндеуі таралып, содан кейін қолданушылар отбасындағы ықтимал зорлық-зомбылық мәселесін талқылай бастаған болатын.
Кейін Төлегенова физикалық зорлық-зомбылық болмағанын, ал гардероб бөлмесіне күйеуінің өзінің телефонын тартып алмақ болған әрекеті кезінде кіріп жабылып қалғанын түсіндірді.
«Қол көтеру деген болған жоқ. Қалайша солай ойлайсыздар. Мен гардеробқа тығылдым. Өйткені ол екінші телефонымды алмақ болды. Артық ойлап, өздеріңіз ойлап шығармаңыздар. Мен сіздерге бәрін түсіндіремін, бәрін айтамын. Маған қазір тек есімді жинап, сабыр сақтау керек», – деді блогер.
Ол қазір балалары мен жақындарының жанында үйде екенін айтып, орын алған жағдайды хайп жасау әрекеті деп санамауды өтінді.
«Бұл хайп деп айтудың қажеті жоқ. Біз ажырасу процесіндеміз. Қолдау көрсетіп, жанымда болғандарыңызға рақмет», – деді Төлегенова.
Астана полициясы не хабарлады?
Елордалық Полиция департаменті 30 қыркүйек күні Threads желісінен блогердің жұбайымен болған жанжал туралы айтып, қолындағы қызарған жерлерін көрсеткен бейнеүндеуін анықтағанын хабарлады.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері шықты. Тексеру барысында отбасылық-тұрмыстық жанжалдың орын алғаны анықталды. Бірақ,Төлегенова арыз жазудан бас тартты.
«Сонымен қатар, Е.Ж-ға қатысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін әкімшілік материал жасалды. Ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, уақытша ұстау бөлмесіне қамалды», – деп хабарлады Астана қалалық ПД.
Іс материалдары шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Сонымен қатар, полиция бұған дейін, яғни 28 тамызда ер адамның пробациялық бақылау талаптарын бұзғанын нақтылады: сағат 22:00-ден кейін ол көрсетілген тұрған жерінде болмаған. Осы факт бойынша да материалдар сотқа жолданды.
Айта кетейік, жыл басынан бері құзырлы орган 34 блогердің заңсыз онлайн-ойындарды жарнамалауға қатысы барын анықтады.
Астанада блогер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайының ісі бойынша адвокат сот шешімін заңсыз деп атап, шешімге апелляция берілген болатын.
Әкімшілік істен қылмысқа дейін ұласқан "Жанабыловтар ісі" қоғамға қалай әсер еткені жайлы арнайы шолуымызды мына жерден оқи аласыздар.
ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша блогерлер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтап, олардың ұйқамаққа алынғанын хабарлаған болатын.
Анықталғандай, Жанабыловтар тергеумен келісімге келді. Сот барысында судья әр айыпталушының ұстанымын жеке нақтылады.
Блогер Жанабылов пен Төлегеноваға сот үкімі жарияланып, екі айыпталушы да кінәлі деп танылды.
Сот отырысы барысында Жанабыловтардан қандай мүлік тәркіленетіні айтылды.