Әйел мен баланы агрессордан қалай қорғаймыз

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова әйел мен баланы қорлағандарға аяушылық танытуға болмайтынын айтып, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған болатын. Премьер-министр Әлихан Смайылов депутаттардың сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін депутат Сүлейменова әйелдер мен балалар зорлық-зомбылықтың құрбаны болмас үшін тіпті жеңіл түрдегі зорлық-зомбылықты қылмыс деп танылуы қажет екенін айтқан еді. Оның сөзінше, заңнамада жазаны қатайту жүзеге асырылуы тиіс. Әйел мен балаға зорлық-зомбылық көрсеткендерге аяушылық танытуға болмайды. Депутаттар ешкімнің әйел адамдарды қорлап өлтіруге қақы жоқ екенін айтып, қылмыскерге қатаң жаза берілуін талап еткен болатын. 

3 жылдың орнына 6 жыл

Смайылов атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде биыл тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде заңнамалық түзетулер енгізілді. Айталық, 2023 жылғы 19 мамырдан бастап Қылмыстық кодекске өзгерістер заңды күшіне енді. Денсаулыққа орташа және ауыр зиян келтіру сияқты ең көп таралған тұрмыстық қылмыстар бойынша «кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамға қатысты іс-әрекет жасау» біліктілік белгісі енгізілді. Енді тұрмыс саласында денсаулыққа ауыр немесе орташа зиян келтіру 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады. Бұрын 3 жыл болған.

Әкімшілік заңнамаға түзетулер енгізілді. Ол 2023 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді. Әрекетке байланысты қамауға алудың белгіленген мерзімі кемінде 5 тәулік болып көзделген, алғаш рет жасалғандар бойынша 5, 10, 15 тәулік, ал қайталанған жағдайда – 25 тәулікке дейін белгіленеді. Сондай-ақ татуласу рәсімі күшейтілді. Сотта ғана тек бір рет татуласуға болады, бұрын ешқандай шектеулер болған жоқ. Тұрмыстағы құқық бұзушылықтарды тіркеудің өтініш беру сипатынан анықтау сипатына көшу жүзеге асырылды. Бұрын жәбірленушінің мәлімдемесінсіз полицияда дебоширлерді жауапқа тартуға негіз болған жоқ, - деп айтты Премьер-министр.

Тұтастай алғанда қабылданып жатқан ұйымдастырушылық және құқықтық шаралардың нәтижесінде 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды тіркеудің 20%-ға (102 644-тен 82 927-ге дейін), оның ішінде қылмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің 4,2%-ға (743-тен 712-ге дейін) төмендеуі байқалады.

Әйелдер мен балаларды агрессордан қалай қорғаймыз?

Қазіргі уақытта Мәжіліс депутаттары әзірлеген әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заң жобасы шеңберінде Қылмыстық кодекске мынадай өзгерістер пысықталып жатыр. Қылмыстық кодекстің 106, 107 және 110-баптарында денсаулыққа ауыр және орташа қасақана зиян келтіру бойынша бас бостандығын шектеу сияқты жаза түрі алынып тасталды, бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолдану ұсынылды.

ӘҚБтК-нің 54-бабында отбасындағы зорлық-зомбылық үшін соттың агрессорды үйден шығаруын қарастыру және отбасы мүшелерін қорғау ұсынылады. Бұрын агрессорда балама тұрғын үй болған жағдайда ғана шығаруға болатын. Сол сияқты соттың құқық бұзушының агрессивті мінез-құлқын өзгертуге бағытталған міндетті психологиялық көмекті қолдануы көзделеді, - деп айтты Премьер-министр Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде, мемлекеттік органдар заң жобасына Үкімет қорытындысының жобасын қарады, ол Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісуінде жатыр, жыл соңына дейін Парламент Мәжілісіне жолданады.

Оның сөзінше, қоғамның талаптарын ескере отырып, заңнаманы одан әрі күшейту мақсатында құқық қорғау органдары Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне өзгерістер енгізеді.

Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, сондай-ақ ұрып-соғу бөлек құрамдармен Қылмыстық кодексте болуға тиіс. Осылайша, осы әрекеттер бірінші рет жасалса, әкімшілік жауапкершілік туындайды, екіншісінде – қылмыстық жауапкершілік, үшінші және одан кейін жасалғанда қылмыстық құқық бұзушылықтың жіктелген түрлері ретінде қарастырылады, - дейді Үкімет басшысы депутатқа берген жауабында.

Алимент қалай төленеді?

Премьер-министр Әлихан Смайылов атап өткендей, мемлекеттік отбасы саясаты және тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы саласындағы уәкілетті орган ретінде Мәдениет және ақпарат министрлігі бекітілді.

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңға сәйкес алимент өндіріп алу борышкердің жалақысынан және табыстың өзге де түрлерінен жүргізіледі. Бұдан басқа, үш ай ішінде жалақыдан немесе өзге де кірістерден алимент төлемдерін өндіріп алу мүмкін болмаған жағдайда сот орындаушысы берешекті айқындау туралы қаулы шығарады және заңның 32-бабына сәйкес атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды. Мысалы, борышкердің мүлкіне тыйым салу, белгілі бір іс-әрекеттер жасауға тыйым салу, мүлікті сату және т.б. – деді Премьер-министр.

Оның сөзінше, мәжбүрлеп орындау шаралары берешек айқындалғаннан кейін қабылданатынын ескере отырып, Әділет министрлігі алимент бойынша берешекті айқындау мерзімдері мен тәртібін 3 айдан 2 айға дейін өзгерту туралы ұсыныстар дайындады.

Сондай-ақ борышкер алимент төлеуден жалтарған жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген (ӘҚБтК-нің 669-бабы, ҚК-нің 139-бабы).

Осыған байланысты бүгінгі күні Әділет министрлігімен қолданыстағы заңнаманы (алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау және өндіріп алу тетігі жөнінде) жетілдіру үшін «толық емес отбасылар» санатындағы азаматтардың, адвокаттардың қатысуымен жұмыс тобын құрды. Жұмыс тобы борышкермен сөз байласқан және борышкердің нақты жалақысын жасырған жасырған жағдайда жұмыс берушінің әкімшілік жауапкершілігін белгілеу өндіріп алушының өтініші негізінде жұмыс берушінің қызметін еңбек инспекциясының міндетті тексеруін заңнамалық тұрғыдан бекіту, жалақының тізбесін және алимент ұсталатын табыстардың өзге де түрлерін толықтыру жөнінде ұсыныстар дайындады, - деді ол.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, алимент төлемейтіндердің негізгі себебі - тұрақты жұмыстың болмауы. Сондықтан әділет органдары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп борышкерлерді жұмысқа орналастыру мақсатында «Бос орындар жәрмеңкесін» өткізеді. Биыл республика бойынша осындай 2 542 борышкер жұмысқа орналастырылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы