Автосақтандыру: Енді жолда тәртіп бұзған жүргізуші көп төлейді
Қазақстанда көлік иелерінің міндетті сақтандыру жүйесіне өзгеріс енгізілмек.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі автокөлікті міндетті сақтандыру ережесін жаңартуды ұсынып отыр. Егер жоба қабылданса, сақтандыру бағасы жүргізушінің жолдағы тәртібіне тікелей байланысты болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Енді сақтандыру бағасы жүргізушінің «тәртібіне» қарай есептеледі
Қарапайым тілмен айтқанда, енді жол ережесін сақтап, апатқа түспей жүрген жүргізушілер аз төлеуі мүмкін. Ал жиі жол апатына кінәлі болатындар үшін сақтандыру қымбаттайды. Яғни егер жүргізуші ұзақ уақыт апат жасамаса - оған жеңілдік беріледі, ал жол-көлік оқиғасына жиі түссе, сақтандыру бағасы өседі.
Бұған дейін де мұндай жүйе болған. Бірақ енді оны қатаңдатып, нақтырақ есептемек.
Сирек қолданылатын санаттар алынып тасталады
Жоба бойынша «М1» және «М2» деген екі санат жойылады. Агенттік мәліметінше, бұл санаттарды өте аз адам қолданады. Соның арқасында сақтандырудың ең жоғары бағасы шамамен 30%-ға арзандауы мүмкін.
Сақтандырудың орташа бағасы өседі
Қазір автосақтандырудың орташа құны шамамен 23 870 теңге болса, жаңа өзгерістерден кейін ол 28 130 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін.Яғни орта есеппен сақтандыру бағасы қымбаттайды. Бірақ нақты қанша төлейтіні жүргізушінің тарихына байланысты болады.
Ұқыпты жүргізушілерге үлкен жеңілдік берілуі мүмкін
Егер жүргізуші ең жоғары - 13-сыныпта 5 жылдан аса уақыт апатсыз жүрсе, сақтандыру компаниялары оған өте үлкен жеңілдік ұсына алады.
Тіпті кей жағдайда сақтандыру бағасы қазіргі есептелген тарифтің 90%-ынан да төмен болуы мүмкін.
Сақтандыру компаниялары енді жүргізушіні жеке бағалай алады. Яғни сақтандыру компаниялары жүргізушінің тәуекел деңгейін жеке бағалай алады.
Мысалы жүргізуші жол апатына жиі түссе, қауіпті жүргізсе, сақтандыру тарихы нашар болса, онда полис бағасына қосымша үстеме қосылуы мүмкін. Ал керісінше, тәртіпті жүргізушілерге 10%-ға дейін жеңілдік беру қарастырылған.
Өңірге байланысты да өзгеріс болады
Автосақтандыру бағасы өңірге қарай да есептеледі. Себебі кей қалада жол апаты көп, кей жерде аз болады.Енді бұл коэффициенттерді есептеу әдісі жаңартылады. Яғни жаңа статистика мен нақты төлемдер негізге алынады.
Бұл өзгерістер не үшін керек?
Агенттік бұл реформаны сақтандыру жүйесін тұрақты ету, жол апатынан зардап шеккендерге өтемақыны уақытында төлеу, жүргізушілерді тәртіпке ынталандыру үшін ұсынып отырғанын айтады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда автосақтандыру құнын есептеу тәсілі өзгеруі мүмкін екені айтылған еді.