Бүгiн 2026, 10:42 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Автомектептердегі күмәнді QR: Депутат миллиардтаған теңге қайда кетіп жатқанын сұрады

Депутаттар жүргізуші куәлігін алу кезіндегі күмәнді төлемдер мәселесін көтерді.

Мәжіліс отырысында депутат Мақсат Толықбай автомектептердегі күмәнді көлеңкелі қаржы айналымы мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол жүргізуші куәлігін алу процесінде азаматтардан негізгі оқу ақысынан бөлек, қосымша төлем талап етілетінін айтты.

Қазір әрбір азамат жүргізуші куәлігін алу үшін шамамен екі жарым ай автомектепте оқуға міндетті. Бұл – дұрыс. Бірақ одан бөлек, автомектеп ішінде QR-код арқылы 8,5 мың теңге төлеу талап етіледі. Бұл төлемнің автомектепке де, ресми жүйеге де қатысы жоқ, – деді депутат. 

Оның айтуынша, жыл сайын шамамен 670 мың адам жүргізуші куәлігін алуға өтініш береді. Егер әрқайсысы осы соманы төлесе, күмәнді төлем көлемі жылына 5-6 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Бұл қаражат мемлекет бюджетіне де, Ішкі істер министрлігінің жүйесіне де түспейді. Ашық есеп жоқ. Кейбір деректер бойынша, бұл ақша шетелде тұратын жекелеген тұлғаның пайдасына кетіп жатыр. Бұл – қалыптасқан көлеңкелі қаржы айналымы емес пе? – деп сұрақ қойды Мақсат Толықбай.

Депутат сондай-ақ мұндай схеманың артында ұйымдасқан құрылым болуы мүмкін екенін айтып, жауапты органдардан нақты шаралар қабылдауды талап етті.

Өз кезегінде Ішкі істер министрлігінің өкілі Санжар Әділов бұл мәселе бойынша тексеріс басталғанын мәлімдеді.

Бұл мәселе жұмыс топтарында да көтерілді. Қазіргі таңда Әкімшілік полиция комитеті тарапынан қызметтік тексеріс басталды. Біз мұндай делдалдар мен заңсыз төлемдерге жол бермеу керек деп санаймыз. Тиісті шаралар қабылданады, – деді ол.

Министрлік өкілі автомектептер қызметінде қандай да бір «арадағы делдалдардың» болмауы тиіс екенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін қыста көлікті қыздыру ережесі өзгеруі мүмкін екені хабарланды.