Қаражал мен Жәйрем қалаларындағы ауызсу мәселесі шешілді
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов халықпен кездесуінде облыс орталығынан шалғайда жатқан Қаражал мен Жәйрем тұрғындарының көп жылдан бері бас ауруына айналған ауызсу мәселесі шешімін тапқанын айтты.
«Өткен жылы халыққа есеп беру кездесуімде маған Қаражал қаласы мен Жәйрем елді мекеніндегі ауызсу мәселесі жайлы сұрақ қойылған болатын. Бұл елді мекендердің халқы он жыл бойы ауызсуды тәулігіне тек екі сағаттан ғана алып келген. Биыл Қаражал мен Жәйремге 73 шақырым құбыр тартылып, 41 ұңғыма орнатылғанын хабарлаймын. Мәселе шешімін тапты. Қазіргі уақытта ауызсу халыққа күндіз-түні келіп тұр», - деді аймақ басшысы Ерлан Қошанов.
Айта кетейік, бүгін Қарағанды облысының әкімі Ерлан Жақанұлы Қошанов халық алдында есеп беретіндігін хабарлаған болатынбыз.
Өңір басшысының есептік кездесу кезінде жедел желі жұмыс істейді. Облыс тұрғындары аймақ басшысына сұрақтарын 8 (7212) 25-20-35, 25-20-99 және 25-21-19 нөмірлеріне хабарласу арқылы қоя алады.