Ауылдарда ҮЕҰ жұмысы жанданып келеді – Динара Өтебаева
Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірде мыңға тарта қоғамдық ұйым тіркелген. Алайда, белсенді жұмыс істеп тұрғаны екі жүзге жетпейді. Аймақтағы үкіметтік емес ұйымдар мен олардың жұмысы туралы бізге Қостанай облысының «ГрИН» азаматтық альянсы жетекшісі Динара Өтебаева айтып берді.
– Динара Қайырбекқызы, сіз басқаратын ұйым облыстағы қоғамдық бірлестіктер бас қосатын орынға айналды. Аймақтағы үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландырып отырсыздар. Осы жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз.
– «ГрИН» азаматтық альянсы – Қостанай облысында он жылдан астам белсенді жұмыс істеп келе жатқан бірден-бір қоғамдық ұйым. 2008 жылы құрылған. 2011 жылы облыстық ішкі саясат басқармасы бізге қазіргі кеңсеміз орналасқан екі қабатты ғимаратты берді. Сөйтіп, бұл жер содан бері «үкіметтік емес ұйымдар үйі» аталып кетті. Негізгі мақсатымыз – азаматтық қоғамның күшін біріктіру, үкіметтік емес ұйымдардың бастамаларына қолдау көрсету.
Бүгінде мұнда ҮЕҰ мектебі жұмыс істеп тұр. Онда қоғамдық ұйымдардың жетекшілері мен мүшелерін оқытамыз. Бірлестік құруды, оның жұмысын жандандыруды, сондай-ақ, мемлекеттік органдардан әртүрлі әлеуметтік тапсырыстарды қалай алу керегін үйретеміз.
Жыл сайын ұйымдастыратын тағы бір дәстүрлі іс-шарамыз – әлеуметтік бастамалар жәрмеңкесі. Оған облыста тұрақты қатысып жүрген ұйымдар бар. Келіп түсетін өтініш көлемі жылма-жыл артып келеді. Сол жерде ең-ең деген шағын жобаларға шамамен 200-500 мыңның аралығында қаражат үлестіреміз. Мұның өзі ауылдардағы, әсіресе, шалғайда құрылған бірлестіктерге бірталай көмек. Мәселен, биыл 23 жоба 9,4 млн теңгемен қаржыландырылды. Тағы үш жобаға демеушілердің қаржысы берілді.
– Жәрмеңкеде қандай бағытқа басымдық беріледі? Грантттың көп бөлігін қай саладағы жобалар иеленіп жатыр?
– Бұрын білім, табиғи ресурсты қорғау бағытындағы жобаларға көңіл бөлінсе, қазір азаматтардың жеке бастамаларын қолдауға тырысамыз.
– Қандай қызық жобалар болды? Ауылдарда қолға алынған бастамалар жөнінде білгіміз келеді.
– Грант ұтқан жобалардың бәрі ерекше әрі қызық. Алыстағы ауылда тұрса да, тұрақты қатысып жүргендер бар. Мысалы, Қамысты ауданының Жайылма орта мектебі жәрмеңкеге жыл сайын келеді. Шағын жинақты мектеп жанынан құрылған бірлестік грант ұтып алып, балалар алаңын салды, ауыл орталығына спорттық жабдықтар орнатып, тігін цехін ашты. Мектеп алаңына этноауыл тұрғызды.
Сарыкөл ауданының Тимирязов ауылының бастамашылары балаларға арналған скалодром салды. Оқушылары жарыстарға жиі шығып тұратын. Облыс орталығына келіп жаттығу жасайтын балалар енді ешқайда бармай, ауылдарында дайындала алады. Аудан орталығында «Кулинария үстелі» ашылды. Ол жерде мүмкіндігі шектеулі баланың анасы мүгедектерге ас әзірлеуді үйретіп, істеген өнімдерін тұрғындарға сатады. Арбаға таңылған жандар үшін бұл тамаша ермек әрі жұмыс. Ал бастамашы ана сауапқа кенеліп отыр.
Қарабалық ауданында бір бірлестік «Қыш илеу терапиясы» жобасын қолға алды. Онда ерекше балаларды қолөнерге баулиды. Аталған өңірде түрлі қазбалар шығатынын белгілі. Қышты сол жерлерден алады. Күйдіру пеші, кептіргіші дайын. Бұл да биылғы қызық жобалардың бірі.
Аудандағы тағы бір ұйым Михайлов ауылдық округіндегі бұлақтың көзін ашты. Ол жерді қоршап, жол салып, маңын абаттандырып қойды.
Осындай үлгі етерлік жобалардың қатарына Қостанай қаласындағы «Регион 10» еріктілер ұйымын қоса кеткім келеді. Бірлестік мүшелері қысы-жазы іздестіру жұмыстарына қатысып, жұртшылық тегін көмек көрсетіп жүр. Олар да шағын грантқа ие болды. Сол қаражатқа өздеріне арнайы белгілері бар киім-кешек, жарықшамдар, тағы басқа да керек-жарағын сатып алды.
Еріктілер жылы болғандықтан, биыл осы бағытта көп жобалар ұсынылды. Олардың қоғамдағы орны пандемия белең алған шақта айқын көрінді. Карантин басталғалы бізде түрлі саладағы еріктілер белсене жұмыс істеді. Бұрын біз волонтерлікті тек студенттермен байланыстырсақ, бүгінде оның ауқымы кеңейді. Өзінің жұмысы болса да, қоғамға үлес қосқысы келетіндер қатары көбейгені байқалады.
– Жалпы, өңірде қанша үкіметтік емес ұйым бар? Тұрақты жұмыс істеп тұрғаны қанша?
– Қостанай облысында 951 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Бірақ, оның басым бөлігі жұмыс істеп тұрған жоқ. Белсенді бірлестіктер саны шамамен 180-185 қана. Көбінің қызметі мүмкіндігі шектеулі жандармен, жастармен тығыз байланысты.
– Азаматтық қоғам қозғалыстары қай аудан-қалаларда жақсы дамып келеді? Осы бағыттағы жұмыстар кенжелеп қалған өңірлерде қандай да бір амал қарастырылып жатыр ма?
– Ауылдарда ҮЕҰ жұмысы жанданып келе жатқаны қуантады. Осы жылы Сарыкөл, Қарабалық, Алтынсарин аудандары мен Рудный қаласы ең белсенділер қатарында. Мұндағы тұрғындар бізге идеяларын ұсынып, түрлі жобаларын жүзеге асырып жатыр. Ал қай өңірлер баяу, сол жерлерге арнайылап барып, бірлестік мүшелерімен кездесулер өткіземіз. Қазір ауылдарда қандай бастамалар кең танымал екенін айтамыз. Тың бастамаларға сұраныс көп. Соны түсіндіреміз. Оқулықтар таратамыз.
Жыл соңында кім жақсы жұмыс істеді, соларды марапаттап, ноутбук, планшет сыйға тартамыз. Мемлекет қаржысын қалай жұмсады, демеуші тапты ма, қоғамға қандай пайдасын тигізді, бәрі ескеріледі. Осының бәрін басқаларды ынтыландыру үшін жасалып жатқан амалдар деп қарастыруға болады.
– Ал қандай мәселелер бар?
– Елді мекендердегі қоғамдық бірлестіктердің жетекшілерін оқыту мәселесі алдыңғы қатар шығып тұр. Мемлекет қаржысымен жұмыс істеу деген – үлкен жауапкершілік. Бүгінде көбінде интернет бар. Онлайн режимде оқып жатырмыз. Дегенмен, әлі де белсендіре түсу қажет. Қалаға қарағанда ауылдағы ұйымдарға көбірек көңіл бөлу маңызды. Оларға қаржы беретін бір-екі орган ғана. Мысалы, Меңдіқара ауданындағы ұйымдар ішкі саясат бөлімі мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы ғана әлеуметтік тапсырыстар алып отыр. Басқа да қаржы көздерін тартып, азаматтардың бастамаларын жүзеге асыру керек. Сонда ғана қоғам дамып, адам капиталының сапасы артады. Біздің әлеуметтік бастамалар жәрмеңкесін ұйымдастырудағы басты мақсатымыз осы болатын.
– Рахмет! Ісіңізге береке берсін!