16 Сәуір 2026, 13:28 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

"Ауылда ерекше бала жоқ па?": Зайытов министрліктерді сынға алды

Ринат Зайытов ауылдағы балалар туралы нақты дерек пен қолдау жоқ екенін айтты.

Мәжілісте өткен тақырыптық отырыста депутат Ринат Зайытов ерекше балаларға қатысты ауылдағы жағдайды көтеріп, жауапты ведомстволарды сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, талқылау барысында негізінен қалалық көрсеткіштер айтылып, ауылдағы жағдай ескерусіз қалып отыр.

Ауылда ерекше бала жоқ па? Менің түсінгенім бойынша, сіздер тек қаланың әңгімесін айтып отырсыздар, – деді депутат.

Зайытов ведомстволардан нақты статистика сұрағанымен, бірқатар өкіл толық жауап бере алмады.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 200 мыңнан астам ерекше бала бар, оның ішінде 120 мыңы мүгедектігі бар балалар. Алайда ауылдық жерлерге қатысты нақты деректер кейін ұсынылатыны айтылды.

Ал Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сәйкес, елдегі ерекше балалардың шамамен 30%-ы ауылдық елді мекендерде тұрады.

Министрлік өкілдері ауылдық жерлерде ерекше балаларды толыққанды қолдау әлі де жеткіліксіз екенін мойындады.

Ауылдық елді мекендерде кешенді қолдау көрсету мәселесі бар. Бұл кадр тапшылығы мен жалақының төмендігіне байланысты, – деді ведомство өкілі.

Жиында ерекше баласы бар отбасылардың ауылдан көшуі де маңызды мәселе ретінде айтылды.

Ата-аналар баласына жағдай жасау үшін қалаға көшуге мәжбүр, – деді депутат Асхат Аймағамбетов.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда 23 мыңнан астам ерекше бала спорт мектептерінде инклюзивті түрде жаттығып жүр.

Бұған дейін Қазақстанда ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарды ерте зейнетке шығару мәселесі көтерілді. 

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев қоғамдағы ащы шындықты айтты. Ол ерекше балаларға қатысты қоғамдағы көзқарасты өзгерту қажет екенін мәлімдеді. Айтуынша, негізгі мәселе заңда емес, қоғамның қабылдауында жатыр.