Ауыл шаруашылығы қарқын алды: өнім көлемі 4,4%-ға артты

Өсімдік шаруашылығындағы өсу 5,2%-ға жеткен. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс 6,2%-ға өсіп отыр. Өсу 17 өңірде яғни Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Шымкент және Алматы қалаларында байқалған. Өндірістің төмендеуі Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Ақмола облыстарында тіркелді.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өсу көлік жасау өндірісінің 14%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың – 16,8%-ға, тамақ өнімдерінің – 9,8%-ға, химия өнеркәсібінің – 9,6%-ға, мұнай өңдеу өнімдерінің – 7,5%-ға, металл бұйымдарының – 15,2%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсудің баяулауына металлургиядағы қарқынның 0,3%-ға дейін баяулауы әсер етті. Бұл ретте қара металлургиядағы өндіріс 0,9%-ға төмендеді, - деді Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин.

Әмринның айтуынша, тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,3%-ға артқан.

Сала құрылымында табиғи газ өндіру 15,2%-ға, мұнай өндіру 13,2%-ға, көмір өндіру 10,4%-ға ұлғайды. Сонымен бірге металл кендерін өндіру 0,3%-ға қысқарды. Өсуге қарамастан, құрылыста 9 айдың қорытындысы бойынша қарқынның айтарлықтай баяулауы байқалады. Құрылыс жұмыстары көлемінің өсуі 14,9%-ды құрап, 3,2 пайыздық тармаққа баяулады, - деді ол.

Құрылыстың өсуі 17 өңірде тіркелкен. Ең жоғары өсу Астана, Алматы қалаларында, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Түркістан облыстарында байқалса, құрылыс жұмыстары көлемінің төмендеуі Атырау және Абай облыстарында, Шымкент қаласында байқалып отыр.

12,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 3,4%-ға артық. Ең жоғары көрсеткіштер Ұлытау, Алматы, Жетісу, Түркістан облыстарында, Алматы қаласында, - деді ол.

Ауыл шаруашылығы саласында өнім көлемі 4,4%-ға артып, қаңтар-тамызбен салыстырғанда 1,0 пайызға артқан.

Сала бойынша ең жоғары өсуді Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары көрсетті. Барлық 7 негізгі көрсеткіш бойынша өсу 11 өңірде тіркелді. Атырау, Ұлытау, Абай облыстарында және Шымкент қаласында 3 көрсеткіш бойынша құлдырау бар, - деді Әмрин.

Тұрақты экономикалық өсуді ұстап тұру мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдар мынадай шараларға баса назар аударуы қажет:

1. Инфрақұрылым салуға және машина жасауды қолдауға бөлінген бюджет қаражатының игерілуіне бақылауды күшейту;

2. Инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін бюджеттен «Бәйтерек» холдингіне қаражат бөлуді жалғастыру;

3. Ағымдағы жылдың соңына дейін өңдеу өнеркәсібінде жоспарланған инвестициялық жобалардың аяқталуын және іске қосылуын қамтамасыз ету;

4. Күтіліп отырған егінді толық көлемде жинауға жағдай жасау.

Айта кетейік, Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өтіп жатқан Үкімет отырысында биылғы 9 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралуда. Бектенов халықтың табысын жақсартуда саннан сапаға көшу маңызды екенін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы