21 Шілде 2026, 15:58 Фото: ©BAQ.KZ/Анеля Өсерхан

«Ауыл» партиясы Анас Баққожаевтың Құрылтай сайлауына кандидаттар тізіміне енбеуінің себебін түсіндірді

«Ауыл» партиясы Анас Баққожаевтың Құрылтай сайлауына кандидаттар тізімінде неге жоқ екенін түсіндірді. Партия төрағасы қандай себеп келтірді?

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов VIII сайланған Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтың Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлауға арналған партиялық кандидаттар тізіміне енбеуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуғановтың айтуынша, бұл шешім партия ішіндегі қандай да бір келіспеушіліктерге байланысты қабылданбаған.

Фото: ©BAQ.KZ/Анеля Өсерхан

Өткен шақырылымда бізде Мәжілісте сегіз депутат болды. Соның бесеуі ғана тізімге енді. Яғни бір ғана емес, үш депутат Құрылтайға кандидаттар тізіміне енгізілген жоқ. Сондықтан мұның ешқандай астары жоқ. Бұл тізім көптеген үміткердің арасынан іріктеліп жасалды, – деді ол.

Партия төрағасы жекелеген қазіргі депутаттардың тізімге енбеуі партияның оларға деген көзқарасының өзгергенін білдірмейтінін атап өтті.

Өткен шақырылымдағы бес депутатымыз тізімге енді. Олар Құрылтай құрамына да өтеді деп үміттенеміз. Бұл ешқандай басқа себепке байланысты емес, – деді Қайрат Айтуғанов.

Журналистердің Анас Баққожаев партияның ең танымал өкілдерінің бірі болғандықтан, оның тізімде болмауы осыған байланысты емес пе деген сауалына Айтуғанов:

Бізде бәрі – жұлдыз. Сегіз депутаттың бәрі де – жұлдыз, – деп жауап берді.

Сондай-ақ журналистердің Анас Баққожаевтың сайлауға қатыспау туралы шешімі өз еркімен қабылданды ма деген нақтылау сұрағына партия төрағасы мұны растай алмайтынын айтты.

Бұл оның жеке шешімі болды ма, жоқ па – нақты айта алмаймын. Бірақ оның тізімде жоқ екені белгілі, – деді Қайрат Айтуғанов.

Еске салсақ, «Ауыл» партиясының Құрылтай сайлауына ұсынған партиялық тізімі ресми тіркелді. Тізімге 69 кандидат енгізілді. Оның ішінде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың үлесі 42%-ды құрады.

Бүгін белгілі болғандай, ОСК Құрылтай сайлауына тағы 10 халықаралық байқаушыны аккредиттеді.