«Әулие ата» - Халықаралық стандартқа сай ипподром

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміз бойынша халықаралық стандартқа сай ипподром саусақпен санарлық қана. Солардың бірі – Жамбыл облысы Бестөбе ауылының іргесіндегі «Әулие ата» атшабары.

Ипподромның тарихы тым арыдан басталмайды. Осы өңірге белгілі мемлекет қайраткері, ҚР Парламент Мәжілісінің экс-депутат Серік Үмбетов басшы болып келген 2000 жылдардан бастау алады.

Бұл аумақ әуелі Тараздағы зауыттардың бірінің демалыс орны ретінде жасалған. Жан-жағын дамбымен шегендеп, су толтырып, жағажай жасау жоспары болған. Алайда ол жоспар іске аспай, дамбылар тұрғызылғанымен, мұндай жиналған су жерге сіңіп кете берген.

Сол суды тоқтату үшін мұнда су өткізбейтін қарақағаздар төселген. Алайда ол да сеп болмады. Ақыры аяғына жетпей қалды. Біраз жыл ештеңеге жарамай тегін жатты. Қызығын осы маңдағы ауылдардағы жігіттер көрді. Көкпарсыз отыра алмайтын қазақ жігіттер, күн сайын осы аумақта көкпар шаба бастады, – дейді «Әулие ата» көкпар командасының жетекшісі Нұрдәулет Момынов.

Осылай іске жарамай жатқан жерді қайта түлеткен адам – Нәби Момынов.

Ол кісі сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетовке барып, осы жерді көкпар алаңына, ипподромға айналдыруға кеңес береді.

Сол күннен бастап бұл жер тұрақты көкпар алаңына, бәйге өткізуге қолайлы орынға айналады.

Осы орайда, Серік Үмбетовке қолқа салып, бос жатқан орынның ел игілігіне жарауына септігі тиген Нәби Момынов жайлы толығырақ тоқтала кетсек.

Нәби Момынов – Кеңес одағы тұсында дода көкпардың думанын қыздырып, көкпаршы атағы алысқа кеткен азаматтардың бірі.

Ол 1946 жылы 4 ақпанда Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Қаратау бөлімшесінде дүниеге келген. 2010 жылы 14 сәуірде өмірден озды.

Нәби Момынов Жамбыл облысындағы командалық көкпар ойынын алғаш дамытушы, 2001 жылы жасақтаған «Әулие ата» ат спорты клубының негізін қалаушы. Ол 1996-2003 жылдар аралығында көкпардан Қазақстан Республикасының ұлттық құрама команданың бас жаттықтырушысы қызметін атқарды.

Момынов негізін қалаған Жамбыл облысының «Әулие ата» командасы Қазақстан чемпионатының 11 дүркін чемпионы атанды.

Нәби Момыновтың бастамасымен құрылған ипподром бүгінде Орталық Азиядағы алдыңғы қатарлы атшабарға айналды.

Алаңның екі басында үш сатыдан тұратын екі түсірілім мұнарасы бар. Онда алаңда өтіп жатқан көкпар додасын тура төбесінен түсіруге болады. Білетіндер мұндай түсірілім-мұнарасы бізге белгілі көп елде жоқ екенін айтады.

Ал атшабардың 3 шақырымнан артық бәйге жолы халықаралық стандартқа сай екені әлдеқашан дәлелденген.

2002 жылы Тараздың 2000 жылдық тойы тура осы алаңда өткен.

Сондай-ақ елімізді әлемге танытып, «Қазақта мемлекет болмаған» деген кейбір сандырақтың аузына құм құйған Қазақ хандығының 550 жылдығы да осы ипподромда жалауын желбіреткен болатын.

3000-ға жуық көрерменге арналған арнайы көру алаңы болса, кезіндегі жағажай жасамаққа тұрғызған дамбы бұл ипподромды тамашалаудың табиғи тақтасын жасап бергендей.

Алаңды үш жағынан қоршап жатқан арнайы дамбы кез келген тұстан алаңда өтіп жатқан сайысты алақандағыдай көруге мүмкіндік береді.

Атшабардың тағы бір ерекшелігі – бұл жерде ат спортының кез келген түрін өткізуге жағдай жасалған.

Жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, көкпар, жорға жарысы, аламан бәйге, т.б. қатарлы ұлттық спортымыздың кез келген түрін өткізуге болады.

Атшабар алаңында өтіп жатқан іс-шараның жарнамалық баннерлерін, көрнекі құралдарын ілуге де көңіл бөлінген.

Ал алаңның VIB мінберінің екі қапталында арнайы тутұғырлар орнатылғаны айтпаса да белгілі жайт.

Жүргізушілер мен ойын коментаторларына арналған арнайы мінбе де өз міндетін мүлтіксіз атқаруға жағдай жасап тұр.

Сондай-ақ атшабардың көкпар алаңы еліміздің соңғы талаптарға сай қазандықтан шеберге тастауға бейімделуіне байланысты, халықаралық стандарттарға сай атқа да адамға да қауіпсіз – шеңберлері де ерекше ыждахаттылықпен жасалған.

Жамбыл өңірінің ауа райын, жылылығын ескере отырып, бұл алаңда жылдың кез келген мезгілінде кез келген спорт түрінен сайыс өткізуге болады.

Ипподромның «Амангелді», «Бектөбе» ауылдарына жақын орналасуының бір тиімділігі – алыстан келген көкпаршыларға, атбегілерге жағдай жасауға қолайлылығында.

Бұл біріншіден – сайысқа қатысушыларға жатар орын іздеп әуре болмауына көмектессе, екіншіден – азын-аулақ болса да, жамбаспұл алып, ауыл адамдары да өз кәсібін жасап алуға жақсы мүмкіндік.

Ипподромның көрермендер мінбері қатарында VIB орынның барын айттық. Осы жерде жеңімпаздарды марапаттау тұғыры да орналасқан.

Атшабар маңындағы көрініс те келушілердің көзін арбап, көңіліне асқақтық сыйлайтындай. Басын Қаратау сілемдерінен алған қырғыз-қазақ ортасын бөліп жатқан мынау таулардың көрінісі кез келген жанды бей-жай қалдырмасы анық.

Ал атшабар алаңына кіреберістегі мына ақбоз аттың ескерткіші айналасына менмұндалап тұрғандай.

Осы орайда көзі қарақты, көңілі көкпар деп елеңдеген жандардың кәперіне бір ұсыныс айтқымыз келеді.

Бір кезде «Әулие ата» көкпар командасына ғана емес, күллі Қазақстан құрамасына олжа салған, Орта Азияда атағы дүркіреген «Лазер» атты жекпе-жек сәйгүлігі болған.

«Әулие ата» атшабарына кіреберістегі осы ақбоз аттың орнына сол «Лазердің» асқақ бейнесі тұрса, қандай жарасымды болар еді?!

Ипподром орналасқан аумақ әзірге облыс әкімдігінің меншігінде. Әзірге атшабарға келер қауым әр түрлі атап жүр. Кейбірі «Әулие ата» атшабары десе, кейбірі қасында тұрған Бектөбе ауылының атауымен «Бектөбе» ипподромы дейді.

Осы орайда біз тағы бір ұсыныс айтсақ деген ойдамыз. Ол ұсынысымыз – осы ипподромның ашылуына мұрындық болған, Жамбыл облысында алғашқы көкпар командасын, алғашқы ат спорты клубын құрған Нәби Момыновтың есімімен аталса дейміз.

Қай жағынан алып қарасаңыз да негізсіз емес. «Ер есімін ел есінде» сақтаудың, азаматтың осы өңірге сіңірген игі ісіне деген халық құрметінің белгісі ретінде Нәби Момынов атындағы «Әулие ата» атшабары деп атаса еш сөкеттігі жоқ деп ойлаймыз.


Атшабарымыз кең, атымыз сүрінбей, азаматымыз аман жүре берейік.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы