Әуежайдың бас есепшісі қаржы полициясына 16 млн теңге пара ұсынған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин айтты.

"Елорда әуежайының бас есепшісі Нұр-Сұлтан қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің лауазымды тұлғаларына 16 млн теңге сомасында пара бермек болған. Сондай-ақ ол  іс жүзінде жоқ шарттар мен жұмыстар бойынша жалған шот-фактураларды шығарумен айналысатын 23 фирманың есеп айырысу шоттарына аудару арқылы акционерлік қоғамның 1,3 млрд теңгедан астам сомадағы ақша қаражатын жымқырды деген айыппен күдікке ілініп отыр. Бұл аудиторлық тексеру тұжырымымен расталды", - деді Арман Бердалин. 

Оның айтуынша, қазіргі таңда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының елордалық департаментімен аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. 

"Сот санкциясы бойынша күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Тергеу жалғасуда", - деді Ұлттық бюро өкілі.

Бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының директоры пара ретінде Toyota Camry алды деген күдікпен қамауға алынғаны туралы хабарлағанбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы