19 Ақпан 2026, 20:31 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Тіркеуден өтіп, ұшаққа кіре алмаған жолаушы 500 мың теңге өндіріп алды

«Бортқа жібермеді»: Моральдық шығын өтелді.

Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотында жолаушының әуе компаниясынан материалдық залалды өндіру және моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық ісі қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.   

Жолаушы 2025 жылғы 26 шілдеде Қызылорда - Алматы бағыты бойынша рейске әуе билеттерін сатып алғаны анықталды.

16 тамызда тіркеуден өтіп, әуежайға келгеннен кейін әуе компаниясының қызметкерлері тіркеудің жойылғанын түсіндіріп, оны әуе кемесінің бортына жібермеген.

Нәтижесінде жолаушы сатып алынған билетті пайдалана алмай, Алматы қаласына жоспарланған уақытта жете алмаған.

Осыған байланысты талап қоюшы соттан жауапкерден материалдық залалды (билет құны және байланысты шығындар), сондай-ақ моральдық зиян өтемақысын өндіруді сұраған.  

Сот талап қоюшының рейске тіркеуден өткенін, алайда әуе кемесіне отырғызылмағанын анықтады.

Жауапкер жолаушыны тасымалдаудан бас тартуға заңды негіздердің болғанын растайтын дәлелдемелерді сотқа ұсынбаған.

Осылайша, әуе компаниясы жолаушыны әуе тасымалдау шарты бойынша өз міндеттемелерін тиісінше орындамаған және талап қоюшыға келтірілген залал үшін жауапты болып табылады. Сот шешімімен талап ішінара қанағаттандырылып, талап қоюшы жолаушының пайдасына әуе компаниясынан материалдық залал, 500 000 теңге мөлшерінде моральдық зиян өтемақысы, сондай-ақ сот шығындары өндірілді, - деп хабарлады Алматы сотының баспасөз қызметі.  

Сот шешімі заңды күшіне енді. 

Еске салайық, бұған дейін Семей әуежайына 8,8 миллион теңге айыппұл салынды