Ауада қалықтаған акробаттар: Әлемге әйгілі Cirque du Soleil Астанаға не алып келді?
OVO шоуы 4 маусымнан бастап елорда тұрғындары мен қонақтарына ұсынылады.
Астанада әлемге әйгілі Cirque du Soleil компаниясының OVO шоуы көрсетілер алдында журналистерге сахна сыртындағы өмірмен танысуға мүмкіндік берілді. Экскурсия «Барыс Аренада» ұйымдастырылды. Дәл осы жерде 4 маусым күні халықаралық қойылымның премьерасы өтеді.
Бір қойылымның артында жүздеген адам еңбек етеді
OVO – Cirque du Soleil компаниясының әлем бойынша ең танымал жобаларының бірі. Шоу алғаш рет 2009 жылы көрерменге жол тартқан. Содан бері миллиондаған адам тамашалаған қойылым биыл 17 жылдығын атап өтті.
Қазақстан гастрольдік тур аясында OVO барған 47-мемлекет болды
Португал тілінен аударғанда «OVO» сөзі «жұмыртқа» деген мағынаны білдіреді. Қойылымда ол өмірдің, өзгерістің және жаңа бастаманың символы ретінде көрініс табады.
Сюжет жәндіктер әлемінде өрбиді. Көгілдір шыбынның бейтаныс ортаға тап болуы арқылы махаббат, достық, өз орныңды табу секілді тақырыптар қозғалады. Сахнада көбелектер, өрмекшілер, инеліктер мен өзге де жәндіктердің бейнесі көрініс табады.
Жалпы қойылымға 53 әртіс қатысады.
Қазақстандағы шоу үшін екі жүк ұшағы келген
Cirque du Soleil өкілдерінің айтуынша, көрермен бірнеше сағат ішінде тамашалайтын шоуға дайындық бірнеше жыл бұрын басталады.
Компанияның ресми өкілі Жани Малле Қазақстандағы гастрольдің артында ауқымды ұйымдастыру жұмысы тұрғанын айтты.
Әр жаңа елге келу үлкен дайындықты қажет етеді. Қазақстандағы гастроль үшін жабдықтар екі жүк ұшағымен жеткізілді. Визалар рәсімделді, қонақүйлер дайындалды, көлік пен техникалық инфрақұрылым мәселелері шешілді. Мұндай жұмыстар көрерменге байқалмайды, бірақ қойылымның сәтті өтуі дәл осы дайындыққа байланысты, - дейді ол.
Оның сөзінше, OVO шоуының барлық жабдығын тасымалдау үшін 21 жүк көлігі қажет.
Cirque du Soleil жануарлардан неге бас тартты?
Бүгінде Cirque du Soleil әлемдегі ең танымал цирк брендтерінің бірі саналады. Компанияның ерекшелігі – сахнада жануарлардың болмауы.
– Біз цирк өнерін басқа деңгейге шығардық. Біздің басты кейіпкеріміз – адам. Сондықтан көрермендерге адам денесінің мүмкіндіктерін, оның күші мен шеберлігін көрсетеміз, – дейді Жани Малле.
Қазір компания әлемнің әр түкпірінде бір мезетте 17 түрлі қойылым ұсынып жүр.
Бір кеште 800 костюм қолданылады
Журналистер барған аймақтардың бірі – костюмдер бөлімі болды.
Мұнда әр сахналық образдың күтімімен арнайы мамандар айналысады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бір ғана қойылым барысында шамамен 800 костюм пайдаланылады.
Егер күніне үш сеанс өтсе, қолданылатын костюмдердің жалпы саны 2400-ге дейін жетеді.
Барлық костюм Канаданың Монреаль қаласында тігіледі. Бұл процеске 200-ге жуық маман қатысады.
Гастроль кезінде киімдердің тазалығы мен сақталуына жауап беретін жеке команда жұмыс істейді. Олар өздерімен бірге кір жуу және кептіру техникаларын да алып жүреді.
«Cirque du Soleil – әртістер үшін үлкен белес»
OVO шоуында өнер көрсететін украиналық әуе гимнастары Артур Дудов пен Эсмира Кулиева үшін Cirque du Soleil құрамына кіру – шығармашылық жолдағы маңызды жетістік.
Әр әртіс осындай сахнада өнер көрсетуді армандайды. Себебі мұнда әлемнің ең мықты цирк әртістері жиналған. Компания әр маманға ерекше жағдай жасап, шығармашылық дамуына мүмкіндік береді, - дейді олар.
Қойылымда олар көбелек бейнесін сомдайды.
Әуе гимнастарының айтуынша, бұл нөмірді қазіргі деңгейге жеткізу үшін бес жылға жуық уақыт кеткен.
Біздің қойылым нәзіктік пен батылдықтың қатар жүретінін көрсетеді. Кішкентай әрі әлсіз болып көрінетін жаратылыстың өзінде үлкен күш болуы мүмкін, – дейді Эсмира Кулиева.
Астанадан кейін Алматыға барады
OVO шоуы 4 маусымнан бастап елорда тұрғындары мен қонақтарына ұсынылады. Кейін халықаралық ұжым Алматыға жол тартады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қойылым балаларға ғана емес, ересектерге де арналған. Сондықтан көрермендерді акробатика, театр, музыка және визуалды эффектілер тоғысқан ерекше шоу күтеді.
Еске салайық, бұған дейін Cirque du Soleil әртістері Қазақстан туралы алғашқы әсерлерін айтты.