Ауа райы суытады: алматылықтар алғашқы қарға дайындалып жатыр

Мегаполистің коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті, себебі қалада алдағы күндері қар мен көктайғақ күтіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

“Қазгидромет” мәліметінше, 4 қарашада Алматыда жаңбыр жауып, артынан ауа райы суытады, ал 5 қарашада жаңбырмен қатар қар түседі. Түнгі температура −3…−5 °C, ал күндіз ауа +1…+3 °C дейін жылынады.

Алматыда жүргізушілер, механизаторлар мен жол жұмысшылары тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Қазір 580 арнайы техника мен 2 500-ден астам қызметкер жұмылдырылған. Магистральдар арнайы реагенттермен өңделді, саябақтар мен скверлерді тазалауға қосымша 1 900-ден астам маман мен 550 техника тартылды. Төмен түсу учаскелерінде және жол айрықтарында 75 патрульдік бригада кезекшілік етуде, – деді қалалық әкімдікте.

Құтқару қызметі, эвакуаторлар мен манипуляторлар да дайындық режимінде тұр. Аудандық әкімдіктерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.

Айта кетейік, бұған дейін синоптиктер Қазақстан аумағы алдағы үш күн бойы Атлант циклонының ықпалында болып, көптеген өңірлерде жауын-шашын мен жел күшейетінін ескерткен еді.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың 4 қарашасында еліміздің 11 облысында жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын күтіледі. "ҚазАвтоЖол" жолда көктайғақ пен көрінудің нашарлауына байланысты жүргізушілерге сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы