Атыраудағы жантүршігерлік оқиға: Отбасының кіші қызына халықаралық іздеу жарияланды
Атырау облысында ерлі-зайыптылардың өлтірілуінен кейін олардың кіші қызы – Ақбаян Мұқанғалиева халықаралық іздеуге жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Полицияның мәліметінше, тергеу аясында халықаралық іздеуге екі адам жарияланған. Бірі ер адам – қылмыс жасады деген күдікті күйеу баласы;
Екіншісі - әйел адам, хабар-ошарсыз кеткен тұлға ретінде.
Құқық қорғау органдары тергеу іс-шараларын жалғастырып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Еске сала кетейік, 6 қаңтарда жантүршігерлік дерек белгілі болды. Үйдің жанындағы қорадан ерлі-зайыптылардың мәйіті табылған.
Мәйіттер табылған күні-ақ күдікті ресми түрде халықаралық іздеуге жарияланған.
8 қаңтарда Жангелдин ауылында Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Үтешқалиеваны жерлеу рәсімі өтті. 66 жастағы ер адам мен 65 жастағы әйелі кәмелетке толған балаларымен бірге өткен жылдың қараша айынан бері хабарсыз кеткен болатын.
Көршілерінің айтуынша, алдымен ұлы жоғалып, кейін бүкіл отбасы медициналық көмек алу үшін кетіп қалған деген болжам айтылған.
Құқық қорғау органдарының дерегіне сәйкес, қылмысқа күдікті ретінде марқұмдардың 29 жастағы күйеу баласы – Атырау облысы Махамбет ауданының тұрғыны Сұлтан Сәрсемәлиев танылып отыр. Полиция өкілдері қылмысқа басқа да адамдардың қатысы болуы мүмкін екенін тексеріп жатқанын хабарлады.
Сондай-ақ, Атырау облысындағы қоғамды шошытқан сұмдық оқиғаның хронологиясын жаздық.
Аталған іске қатысты полиция атыраулық «хакерді» іздестіріп жатқанын да жариялады.
Одан кейін марқұм әйелдің соңғы аудиохабарламасы күдік тудырғаны айтылды.