Атыраудағы қанды қылмыс: Прокуратура тың ақпарат жариялады
Полициядағы дереккөздердің мәліметінше, басты күдікті кінәсін мойындаған.
Атырауда Жангелдин ауылындағы бір отбасының өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Атырау облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
«Ақ Жайық» басылымы таратқан мәліметке сүйенсек, іс бойынша басты күдікті – Сұлтан Сәрсемәлиев кінәсін мойындаған. Қазір ол сотты тергеу изоляторында күтіп отыр.
Басылым мәліметінше, оған «Екі немесе одан да көп адамды өлтіру» бабы бойынша айып тағылған. Сонымен қатар қаза тапқан отбасының малын сату және банк карталарындағы ақшаны жымқыруға қатысты эпизодтар да тергеліп жатыр.
Сондай-ақ барлық тергеу әрекеттері аяқталып, іс материалдары жақын күндері сотқа жіберілетініні белгілі болды. Сот процесі осы айда басталуы мүмкін.
Сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Алайда кейбір БАҚ-та күдіктіге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұрғаны туралы жарияланған ақпаратты біз таратқан жоқпыз, – деп мәлімдеді прокуратура.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысындағы Жангелдин ауылынан ерлі-зайыпты мен олардың екі ересек баласы бар отбасының хабар-ошарсыз кеткені белгілі болған еді.
Ал 6 қаңтарда жантүршігерлік дерек белгілі болды. Үйдің жанындағы қорадан ерлі-зайыптылардың мәйіті табылған.
Кейін құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында күдікті ретінде марқұм зейнеткерлердің күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевтің аты-жөні көрсетілген жазба жарияланды. Ол жұбайымен бірге халықаралық іздеуге алынды.
Сондай-ақ біз Атырау облысындағы қоғамды шошытқан сұмдық оқиғаның хронологиясына тоқталған едік.
Аталған іске қатысты полиция атыраулық «хакерді» іздестіріп жатқанын да жариялады. Одан кейін марқұм әйелдің соңғы аудиохабарламасы күдік тудырғаны айтылды.
Одан кейін Индонезияда күдіктінің ұсталған сәттегі фото-видеосы жарияланды.
Күдіктілер Индонезиядан елге жеткізілді.
Сонымен қоса жуырда тергеуде жантүршігерлік жаңа деректер белгілі болды.