Атыраудағы қанды қылмыс: Күдіктінің анасы келініне қатысты жаңа деректерді жария етті
Атырау облысының Махамбет ауданына журналистердің баруынан кейін, өңірде орын алған қанды оқиғаға байланысты марқұмдардың және күдіктінің туыстары тарапынан жаңа мәлімдемелер айтылды. Бұл ауданда Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева тұрған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Күдіктінің анасы Гүлнар Азмұқанованың айтуынша, келіні Ақбаян дәрігерлердің тұрақты бақылауында болған. Оның сөзінше, бесінші баласын дүниеге әкелгеннен кейін, қазіргі таңда шамамен бір жастағы сәбиінен соң, Ақбаян ауыр психологиялық күйзеліске түскен. Осыған байланысты оған арнайы ем қабылдау қажет болған.
Гүлнар Азмұқанова ерлі-зайыптылардың шетелге шығуын дәл осы жағдаймен түсіндіреді. Айтуынша, бұған дейін де олар осы себеппен Түркияға барған.
Сұлтанның анасының мәлімдеуінше, шетелге сапар Ақбаянның әкесіне тиесілі болған малды сатудан түскен қаражат есебінен ұйымдастырылған. Ақбаянның әкесі Мақсот Қарабалиннің мәйіті жұбайының мәйітімен бірге 6 қаңтар күні Атырау облысындағы Жангелдин ауылында орналасқан үйлерінің қорасынан табылған.
Қазіргі таңда олардың күйеу баласы аталған қылмыс бойынша басты күдікті ретінде қарастырылып отыр. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол Индонезия аумағында болуы мүмкін.
Мәйіттер табылған күні-ақ күдікті ресми түрде халықаралық іздеуге жарияланған.
Сонымен қатар марқұм Мақсот пен Насиптің тағы екі баласы – Наурыз бен Мейрамгүл де іздеуде. Қазіргі уақытқа дейін олардың нақты қайда екені анықталмаған.
Ал Ақбаян Мұқанғалиеваның есімі ресми іздеу жарияланған адамдар тізімінде көрсетілмеген.
Бұған дейін аталған іске қатысты полиция атыраулық «хакерді» іздестіріп жатқанын хабарлаған болатынбыз. Елді шошытқан бұл оқиғаның хронологиясын мына жерден оқи аласыздар.