Бүгiн 2026, 16:06 Фото: Атырау облыстық ПД

Атыраудағы қанды оқиға: Қоғамды дүрліктірген қылмыс сотқа қашан жіберіледі?

Тергеу аяқталуға жақын, күдікті есі дұрыс деп танылды.

Атырау облысының Жангелдин ауылында бір отбасын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты қылмыстық істі қарау мамыр айында басталуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Атырау облысының прокуратурасына сілтеме жасап.

Прокурутарының мәліметінше, іс бойынша тергеу аяқталуға жақын.

Тергеу аяқталып келеді, іс мамыр айында сотқа жолдануы мүмкін, - деп мәлімдеді қадағалаушы орган.

Сараптама қорытындысына сәйкес, Сәрсемалиев есі дұрыс деп танылған. Яғни ол өз әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікке тартыла алады.

Ал қаза тапқандардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты түпкілікті сараптама қорытындысы әлі шықпаған.

Барлық процессуалдық әрекеттер аяқталған соң іс материалдары мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберіледі деп күтіліп отыр.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысындағы Жангелдин ауылынан ерлі-зайыпты мен олардың екі ересек баласы бар отбасының хабар-ошарсыз кеткені белгілі болған еді.

Ал 6 қаңтарда жантүршігерлік дерек белгілі болды. Үйдің жанындағы қорадан ерлі-зайыптылардың мәйіті табылған.

Кейін құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында күдікті ретінде марқұм зейнеткерлердің күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевтің аты-жөні көрсетілген жазба жарияланды. Ол жұбайымен бірге халықаралық іздеуге алынды.

Сондай-ақ біз Атырау облысындағы қоғамды шошытқан сұмдық оқиғаның хронологиясына тоқталған едік.

Аталған іске қатысты полиция атыраулық «хакерді» іздестіріп жатқанын да жариялады. Одан кейін марқұм әйелдің соңғы аудиохабарламасы күдік тудырғаны айтылды.

Одан кейін Индонезияда күдіктінің ұсталған сәттегі фото-видеосы жарияланды. 

Күдіктілер Индонезиядан елге жеткізілді. 

Сонымен қоса жуырда тергеуде жантүршігерлік жаңа деректер белгілі болды.