Атырауда 3 млрд теңгеден астам ақша қаржы пирамидаларына салынған
Атырау облысында соңғы екі жылда қаржы пирамидаларының құрығына ілігетіндер саны азайған. Мәселен, 2021 жылы мұнайлы өңірде Ресейлік ұйымға 15 азамат алданса, биылғы жылдың басынан бері қаржы пирамидаларының арбауына түскендерден шағым жоқ, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Ең қомақты қарызға Атыраулықтар пандемияның қызған шағында, яғни 2020 жылы кірген. Сол уақытта аты дүркіреп, аспандағы айды алып беруге уәде бергендерге амалсыз ергендердің бірі қала тұрғыны Зульфия.
Менің жолдасым көптен бері онкологиялық дертке шалдыққан. Жағдайы ауыр еді. 2020 жылы шарасыздықтан пайдасы тисінші деп, қолымдағы 500 мың теңгемді "Нур-Али Капитал" деген пирамидаға салып жібердім. Олар маған мейрамхана және қонақ үй бизнесімен айналысатындарын айтып, салынған инвестициям үш айда екі есе қайтады деп уәде берді. Шамамен екі демалыстан кейін мен олардың қашып кеткенін естідім. Полицияға арыздандым, әлі күнге дейін еш нәтиже жоқ. Салған себебім, қолдарында арнайы құжат пен мөр болды. Соған сендім. Менікі 500 мың теңге болса да, мен үшін аз ақша емес. Бірақ, көліктерін, үйлерін, миллиондаған ақшаларын салып жіберген тұрғындарды да көрдім. Қазір қарапайым азаматтар заңсыз 2-5 келі заңсыз балық ауласа, оларды бірден ұстап, соттап, өндіріп алады. Ал сондай халықты шырылдатып жатқан ұйымдар әлі күнге дейін берешегінен жалтарып жүр. Құзырлы органдар тарапынан бақылау күшейсе деген ойдамын, - дейді Зульфия.
Облыстық полиция департаментінің өкілдері "Нур-Али Капитал", "Гаранд 24 Ломбард" және "Выгодный займ" сынды қаржы пирамидаларының ұйымдастырушылары бір екенін айтады. Қазір олар Атыраулық 1600-ден астам тұрғында 3 млрд теңгеден астам қаржы қарыз. Ал ел бойынша 17 мың адамға 33 млрд тан астам берешек.
Тұрғындардың басым бөлігі таныстары арқылы немесе интернет арқылы алданады. Атырау облысында ақшасын екі есе шығарып аламын деп бір тұрғын 30 млн теңгесін салып жіберген. Соңғы екі жылда арызданушылар саны азайды. Бұл құзырлы органдардың жүйелі жұмыс істеп жатқандығын көрсетеді. Қазір аталған үш қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары қамауда. Оларға берешегін қайтару міндеттелді. Жымысқы әрекетті жүзеге асыруға Атырау облысынан да көмектескен азаматтар да қолға түсті. Қазіргі уақытта салған салымдарын кері қайтарып алған азаматтар жоқ, - дейді Атырау облыстық ПД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Арсен Иманалиев.
Тұрғындар алаяқтардың құрығына әлеуметтік жағдайдың төмендігінен, шарасыздықтан ілігетіндерін айтады. Дегенмен оңай олжаға сеніп, ақшасын еселеп алуды көздейтіндер де жоқ емес. Ал мамандар мұның бәріне халықтың қаржылық сауаттылығының төмен болуы себеп дейді.