Атырау облысында 70 мыңға жуық бала жазғы демалыспен қамтылады
Оның ішінде 11 684 білім алушыға арналған жазғы мектептер ұйымдастырылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында 2022-2023 жылғы оқу жылының аяқталуы және каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру қаралды.
Жиында Атырау облысы білім беру басқармасының басшысы Гүлнар Сәдуақасова 2022-2023 оқу жылының аяқталуы және жазғы демалыс, балалардың каникул кезіндегі бос уақытын тиімді ұйымдастыруға қатысты баяндама жасады. Оның айтуынша, облыс бойынша 70 000-ға жуық оқушы жазғы демалыспен қамтылады.
Оның ішінде 11 684 білім алушыға арналған жазғы мектептер ұйымдастырылады. Махамбет ауданы «Арай» лагері (480 оқушы), Индер ауданы «Жас өркен» лагері (1008 оқушы), мектептер жанынан тамақтандыратын лагерьлер ұйымдастырылып, онда 7931 бала қамтылады. 8 лагерь (Жылыой-1, Индер – 4, Исатай -1, Махамбет – 1, Қызылқоға -1 ) шипажай үлгісінде болады. Мектептер жанынан 695 тамақтандырусыз, бейіндік, дебаттық, тілдік және ІТ лагерьлер ашылып, онда 26 553 оқушы қамтылады. 2000-ға жуық оқушы тарихи–өлкетану бағытында өңірдегі мұражайларға, мәдени-тарихи орындарға саяхат жасап, туристік экспедицияларға қатысады. 2 192 білім алушы қосымша білім беру ұйымдары жанындағы жазғы лагерьлерде, 4 619 бала жазғы каникул кезінде сыртқы лагерьлерде демалады. Еңбекке баулу шараларына қатысуға 9 262 баладан өтініш түсті,- деді Гүлнәр Сәдуақасова.
Жиында балалардың судағы қауіпсіздігі де талқыланды. Серік Шәпкенов өткен жылы жеті бала суға кеткенін, ал биыл бұл көрсеткіш екі есе өскенін айтты. Бұл мәселеге қатысты Атырау облысының төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Асхат Ержанов түсініктеме берді.
Суға шомылу кезеңінде қалада 3 жағажай және Индер ауданында 1 жағажай ғана бар. Қалған аудандарда бірде бір жағажай жоқ. Бұл мәселе үш жақты комиссия отырысында қаралды. Нәтижесінде Атырау облысында 46 жағажай белгіленді. Мәселені шешудің жалғыз жолы – осы жағажайларды жеке кәсіпкерлерге жалға беру. Осылайша бізге коммуналдық жағажайлар ашу қажет. Бұл жағажайлардың бойында құтқару бекеті мен қоғамдық құтқарушылар болуы тиіс. Қоғамдық құтқарушыларды жедел штаб жасағы тегін оқытып, сертификат беруге дайын,- деді Асхат Ержанов.
Аймақ басшысы балалар қауіпсіздігі өте маңызды екенін айтып, бұл мәселені оң шешу үшін нақты ұсыныстар жасауды тапсырды. Сондай-ақ Серік Шәпкенов балалардың жазғы демалысын мағыналы ұйымдастыруды, лагерьлердің инфрақұрылымын жақсарту бойынша Жол картасын жасақтауды жүктеді.
Лагерьлерде тамақтандыру мәселесіне мұқият қараңыздар. Өткен жылы көп өңірде тамақтан улану фактісі тіркелді. Жазда күн ысиды. Тез бұзылатын тамақтардың сақтау мерзімін қадағалау керек. Сондай-ақ әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларын бірінші кезекте жазғы демалыспен қамтуымыз тиіс. Бұдан бөлек балалардың жазғы демалысы мағыналы әрі қызықты өтуі керек. Оларға демалыс ұйымдастырып қана қоймай, денсаулығын түзетуге немесе білім алуына қосымша жағдай жасауымыз қажет. Сонымен қатар бейнебақылау камераларын орнатуға да баса назар аударыңыздар. Өйткені баланың қауіпсіздігі – бәрінен де маңызды,-деді Серік Шәпкенов.